Семейде PISA халықаралық зерттеуі өтті

Dalanews 18 апр. 2015 07:30 999

Таяуда Семей қаласындағы физика-математикалық бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде  Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) үйлестіруімен кезекті  PISA  халықаралық  зерттеуі  өтті.

3 жылда бір рет қайталанатын  аталмыш халықаралық  зерттеу осыдан  15 жыл бұрын алғаш рет ұйымдастырылған болатын.  Елімізде  осымен үшінші рет өткен PISA-ға  Семей қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің  жасы 15 ке толған 9-11 сыныптардан құралған 120 оқушысы алғаш рет өз  білімдерін сынға салды. Оқушылар  екі сағат тест тапсырып, 35 минут сауалнама толтырды. Тапсырмалар саны  жаратылыстану бағыты бойынша басым болды. Оқушыларға берілген тапсырмада сызба, диаграмма, тест, логикалық сұрақтар қамтылды. Ал, оның қаншалықты  қиын  болғандығын зерттеу жұмыстарына қатысқан  9 «А» сынып оқушысы  Ерасыл Ермеков  былай  дейді:

– Мен PISA халықаралық зертеуіне алғашқы рет қатыстым. Бұл зерттеу жұмысын абыроймен тапсыру менің борышым болды. Себебі, осы арқылы біздің мектептің, өзіміздің ең бастысы мемлекеттің білім деңгейін айшықтайды. Менің ойымша, біздің ұстаздар оқушыларды PISA ға жақсы дайындықпен жіберді. Маған бұл тестілеуде  51 сұрақ келді. Бұл ретте мен үшін  бұл сұрақтар қатты қиындыққа түскен жоқ. Оларға дұрыс жауап беру үшін логика мен  білім  қажет. Бір қызықтысы кейбір сұрақтарға жауап беру кезінде алдыңғы сұрақтарға оралу қажет болды. Көп мәтінді сұрақтар біраз қиынға соққаны рас. Себеб, оларды толық  оқып шығу едәуір уақытты шығындайды.

Тест кітапшалары жауаптарымен бірге АҚШ-тағы халықаралық ұйымға жіберіліп, қорытындысы сол жақта 2016  шығады деп күтілуде.

 

Бағдат Амангелді, Семей қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы

 

Рекомендовать
Последние новости