Семей - Алаштың жүрегі

Dalanews 22 апр. 2021 06:33 4866

Семей мыңжылдық тарихы бар қазақия жеріндегі көне шаһардың бірі. Қаланың қақ ортасынан Ертіс өзені бөліп тұрғандай, киелі мекен облыс мәртебесінен айырылғаннан кейін бір кездері Алаштың  игі жақсыларының ізі қалған жерде екі ұдай күй кешуде. Өр рухын жоғалтпаған Семей, бір сүрініп, бір тұрып, болашаққа үмітпен қарайды. Руханият пен өнердің, мәдениеттің ордасы болған қала ел тарихында алар орны айрықша екенін баршамызға мәлім.

Ұлттық элита Семейде шоғырланды


Семейдің Алашорда автономиялы үкіметінің астанасы болғаны, шаһардың сол жағалауы 10 жыл бойы, Алаш қаласы атанғаны белгілі. Дәлірек айтсақ 1917 жылдың 13 желтоқсанында Орынборда ІІ жалпықазақ құрылтай жиынында Алашорда ұлттық-территориялық автономиясының астанасы етіп «Алаш» қаласын белгілеу туралы шешім қабылданып, автономияның басшылығы Алаш қаласына 1918 жылдың наурыз айында көшіп келіп орналасты.

Осы дата Семей қаласының ресми түрде астана болғанын көрсетеді. Алаш Орда үкіметін Орта Азия аймағындағы ең ықпалды, басты саяси күшке айналдырған қазақ халқының «Ұлттық саяси элитасы» Семейде шоғырланды. Сондықтан да, Семей дегенде, Алаш арыстары бірден ойға оралады. Себебі, Алаш идеясының алтын бесігі, асыл өзегі болған Семей қаласының  XX ғ. басындағы саяси ықпалы, экономикалық белсенділігі, өмір сүру сапасы өте жоғары еді.

Алаш ұғымындағы рухтық, асқақтық, өрлік халық бұқарасын дүр сілкіндіріп, тарихи үрдістің жаңғыруы мен дамуын жеделдете түсті.

Қазақтың аса көрнекті жазушысы, драматург Жүсіпбек Аймауытов: «Семей – бір губерния елдің миы. Ақыл-ойдың табысы Семейде. Семей – бір губерния елдің жүрегі. Семей бүлкілдесе, бір губерния ел бүлкілдейді.»деп әділ бағасын  берген. Содан бері Семей – ұлт саясатының кіндігін кескен бірегей қала болып саналады.

Семей руханияттың қайнар көзі 


Қазақстандағы көне музейлердің бірі – Семейдің облыстық тарихи-өлкетану музейі 1883 жылы саяси жер аударылған орыс демократтары  Е.П. Михаэлис, М.И. Долгополов, П. Д. Лобановский және қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының бастамасымен құрылған болатын.1917 жылдың күз айында Томск қаласында өткен Сібір автономистерінің съезіне қатысып қайтқан Әлихан Бөкейханды Семей жұртшылығы алдымен бұрынғы облыс губернаторының үйі, қазіргі Семей тарихи-өлкетану мұражайы ғимаратында құшақ жая карсы алады. Ол уақытта бұл ғимарат - «Бостандық үйі» болып аталған екен. 1917 жылдың сәуір айында Бостандық үйі деп аталатын бұл ғимаратта Семей қазақтарының тұңғыш облыстық съезі өтеді. Онда Қазақ автономиясы туралы мәселе тұңғыш рет көтеріліп, ұлттық мемлекетімізді құру жөнінде шешім қабылданады.

Міне, осы жиында ғұлама ақын Шәкәрім Құдайбердіұлы съезд делегаттарын құттықтап, сөз сөйлейді.

 Сонымен қатар 1883 жылы Семей шаһарында қоғамдық кітапхана ашылды. Бұл рухани ордадан Абайдың орыс достарынан бастап, алаш зиялыларының бір топ шоғыры сусындап өткен. Абайдың әлемдік әдебиет шығармаларымен таныс болуына үлкен ықпал еткен де осы Семей облыстық кітапханасының ашылуы еді.  


Семей - Алаштың жүрегі. Қалада ғасырдан асатын тарихы бар ғимараттар көп. Солардың бірі  1903 жылы іргетасы қаланған елімізде алғаш ашылған мұғалімдерді даярлайтын оқу ордасы. Қарашаңырақта заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов, алаш арысы, драматург Жүсіпбек Аймауытов, Қазақ КСР Ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтпаев, Әлкей Марғұлан,  қазақ өнерінің шоқтығы биік тұлғасы,белгілі режиссер, актер Шәкен Айманов  сынды ұлт зиялылары білім алып, ағартушылық, қайраткерлік, жазушылық, ғалымдық қадамдарын бастады.

Қазақтың талантты жастары оқыған Семей мұғалімдер семинариясы  қазір Мұхтар Әуезов атымен аталатын педогогикалық колледж заманға сай жөнделген, алаш арыстарының есіміммен аталатын   аудиторияларда  жастар білім нәрімен сусындап жүр.  Қазақстандағы ірі мәдени орталықтың бірі, еліміздің тарихындағы тұңғыш әдеби мұражай,   Алаштың рухани астанасындағы руханияттың ордасы Абай мұражайы.   Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтың ұсынысы бойынша хакімнің 95 жылдық мерейтойы қарсаңында 1940 жылы ашылды.

Бүгінде Абайдың мемлекеттік тарихи және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайының қорында   ақынның өзіне және айналасындағы жандарға қатысты 20 мыңнан астам құнды жәдігерлер бар. Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай музей күрделі жөндеуден өтіп, заманауи құрылғылармен жабдықталды.

Семей руханияттың ордасы деп тегін айтылмаған.

Сөзімнің дәлелі ретінде қазақ жерінде Абай Құнанбайұлының қайтыс болуына  он жыл толуына орай қазақ қыздарынан шыққан ұстаз, этнограф, аудармашы, журналист Нәзипа Құлжанова 1914 жылы 26 қаңтарда әдеби кеш ұйымдастырды.

Сол тұстағы қазақ халқының мәдени өмірінде елеулі орын алды.  1920 жылы Қазақстанда ең алғаш архив Семей қаласында ашылды. 1920- жылы 29- наурызда  елімізде  алғашқылардың бірі болып ашылған мұрағат, барлық ведомстволық мекемелермен тығыз қарым-қатынас орнатқан.


Архивте «Алаш» зиялыларына қатысты құнды мәліметтер, 20 ғасырда жарияланған мерзімдік басылымдар, түрлі салалық мекемелердің іс-қағаздары, статистикалық мағлұматтар рет-ретімен белгіленіп, сақталған. Мыңдаған қор жинағы – Семейдің Ертіс өңірі тарихынан сыр шертіп,   өлкеміздің әлеуметтік дамуын, Семей қаласының Қазақстандағы ірі өнеркәсіп және мәдени орталығына айналғанын көрсетеді.

Бүгінгі таңда барлық құнды деректер заман талабына сай сандық нұсқаға көшірілуде.  Қазақстандағы тұңғыш телеграфта Семейде ашылған. 1918 жылы 20 наурызда «Алашорда» төрағасы Әлихан Бөкейханның тапсыруымен Халел Ғаббасов автономия құру жөнінде Семейден телеграф арқылы Сталинмен келіссөз жүргізгені тарихтан мәлім.

Ежелден өнер мен мәдениеттің ордасы, ұлттық саяси қозғалыстың орталығы болған Семейдегі Абай атындағы қазақ музыкалы-драма театры бүкіл қазақ театры өнерінің қарашаңырағы болып саналады. Оған дәлел, 1917 жылы Мұхтар Әуезовтың басшылығымен «Ойқұдық» жайлауында қойылған «Еңлік-Кебек» пьесасы қазақ еліндегі жаңа өнердің тұсаукесері болды.

1920 жылдары құрамына әйгілі Әміре, Иса, Жұмат, Қалибек сынды майталман өнер иелерін топтастырған «Ес-Аймақ» театры, тек 1934 жылы ғана ресми түрде бекітілді. Елімізде алғашқы киелі мекен Семейде цирк өнері бастау алған деседі. Жаурыны жерге тимеген, орасан күштің иесі атақты Қажымұқан өнер көрсетіп, ертіс жағасындағы тұрғындарға керемет кеш силаған екен. ХХ ғасырдың басында шаһарда жүздеген адамдар палуандардың, ауыр салмақ көтеретін алып күш иелерін, таңғажайып қимыл-әрекет жасаушылардың өнерін тамашалаған. Ал 1914 жылы т Семей губерниясының абсолюттік чемпионы атағына тұңғыш рет біріншілік өтті.

Семей рухы биік, алашшыл азаматтардың кіндік қаны тамған киелі жерде қазақ әдебиетінің Абайтану мектебінің негізін қалаушылардың бірі, ақын,жазушы, белгілі ғалым, алаштың соңғы тұяғы Қайым Мұхамедханов. 1943 жылы Қазақ Кеңес социалистік Республикасының мемлекеттік әнұранын жазуға байқау жарияланады.

Нәтижесінде 27 жастағы алашшыл азамат Қайымның мәтіні қабылданып,  Кеңестік Қазақ елінің тұңғыш ән ұранының авторы  атанып, 1943-1992 жылдар аралығында  елімізде шырқалды.

 

Семей - киелі мекен 


Семей мен алаш егіз ұғым. Көне түркілерге жататын сары ұйғырлар тайпасының тілінде «Семей» сөзі «киелі мекен» деген мағынаны білдірсе, «алаш» сөзі түркі тілінде бауырлас, қандас деген ұғымда.

Демек ХХ ғасырдың басында  киелі шаһарда алаш арыстары бір мүдде, біп мақсат жолында бірігіп, бостандық пен тәуелсіздіктің туы Семейде тігілді.

Семей қаласы-ұлттық руханиятымыз бен мәдениетіміздің, әдебиетпен өнердің ордасы. Қазақ халқының рухани дамуына өлшеусіз үлес қосқан қаиетті мекен.

...

Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ, ақын, Қазақстанның халық жазушысы:

"Семей адам сенгісіз қиындықтарға тап болды"




Революцияға дейін Семей қазақ даласының бас қаласы болды. Сол кездегі интелегенция өкілдері осы шаһарға жиналды.  Алыптар туған өлке қазақ ақыл-ойының ордасы еді.  Алашорданың өкілдері,  Семей шаһарын болашақта Қазақстанның астанасы болса екен деген арманы болғанын жасыра алмаймыз. Алайда уақыт өте келе Семей жері адам сенгізсіз қиындықтарға тап болды.

Қазақ елі үшін киелі мекенде 40 жыл қайғы-қасірет алып келген ядролық қарудың сынақ алаңына айналды. Зиянын сөзбен айтып жеткізу өте қиын. Осы зұлматты тоқтату үшін ел болып "Невада-Семей" антиядролық қозғалысын құрдық.

Мәскеу қаласында сынақтардың адам өміріне, қоршаған ортаға орасан зор зардабын айта келе, Лев Толстой өмір сүрген Ясная поляна Орыс халқы үшін  қандай қымбат болса, алыптар дүниеге келген қазақ үшін де Семей де руханияттың ордасы екенін тілге тиек еттім.  Міне осындай жерде ядролық қаруды сынау, полигон жасау бұл ұлтқа, мәдениетімізге, тарихымызға деген құрметсіздік деп жеткіздім.

Иә,  Семей ядролық полигоны жабылғанда,  қала облыс орталығы болатын. Қазір аудан сияқты. Бұл қандай прогесс?  Екі жыл бұрын Семейде болдым. Жайқалып тұрған шаһарды көрмедім.


Халықтың көңіл күйіде түскен.   Біздің рухани астанамыз емес пе. Қаланың маңыздылығын жоғалтпай, қалпына келтіріп,  тарихи статус мәртебесін бекіту керекпіз. Тарихи әділдік орнап,  Семейдей шаһардың қадірін білейік.Кеш қалып жүрмейік.  болашағы жарқын болса екен деймін.

Қуаныш РАХМЕТОЛЛАҰЛЫ


 

 

 

 

Рекомендовать
Последние новости