Қуандықтың ата-анасы бір жайтты ұмыт қалдырды - белгілі психолог

Сағыныш Сардарова 03 мая 2024 11:39 10032

Белгілі отбасылық психолог Ғалияш Махашова қазір күллі қазақстандықтарды алаңдатып отырған Бишімбаев ісіне қатысты пікір білдірді. Сарапшы экс-министр мен оның ата-анасының психологиялық портретін талдап берді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Психолог Бишімбаевтың ата-анасының кейінгі сұхбатынан кейін қандай ой түйгенін әңгімеледі. Оның сөзінше, Бишімбаевтар марқұм Нүкенованы жамандау арқылы оңбай қателесті.

"Бишімбаевтың жағдайын айтатын болсақ, Наталья Грейстің Бишімбаевтың ата-анасынан алған сұхбатында бастапқы кезде менде де Бишімбаевтың ата-анасына деген аяныш болды. "Біздің басымызға келгенді басқа бермесін" деп айтып отырған сөздерінде сондай аяныш сезімі болды, бірақ менің аянышым олар Салтанатты жарысып жамандай бастаған кезде тоқтады. Сол жерде психологиялық картина ашыла бастады. Бірінші мына нәрсеге мән берейік, анасына сөзіне келсек, "біздің баламыз ондай жасауы мүмкін емес, ол мейірімді және қамқор" деп айтты. Сериал болып жатқан соттағы жағдайды қарайтын болсақ, сол жерде шынымен де Салтанаттың көмекшісі келіп, (Бишімбаев - еск.) "анасына сыйлық алатын, гүл алатын" деген сияқты айтып жатыр. Сол жерден Қуандық Бишімбаевтың өз анасына деген қамқорлығын байқауға болады. Анасы өтірік айтып отырған жоқ.

Бірақ анасы қамқор және мейірімді дегенді жеке өзімен қарым-қатынаста айтып отыр. Бірақ ол баласы басқалармен қарым-қатынаста қандай - оны анық танып отырған жоқ немесе танығысы келмей отыр. Бишімбаевтың әке-шешесі (болжаммен - еск.) өзінің баласынан жоба жасаған болуы мүмкін. Қандай қылып көргісі келді? Мінсіз қылып көргісі келді. "Біздің тегімізге сай болатын, осындай бала болуың керек" (деген - еск.). Меніңше, "болуың керек" деген талаптар көп қойылған сияқты.

Қуандық Бишімбаевтың өзінің берген сұхбатында "оқудан бас алмағанмын" деген секілді айтты. Баланы үнемі қандай да бір талаптармен қыса беретін болса, ішкі қысым жиналып, бір күні сыртқа атылады. Ол ата-анасының көзі көргісі келетіндей жобаға айналды ма, сол жобамен министрлікке дейін көтерілді ме?! Бірақ ол өзінің көмегімен емес қой. Мүмкін ата-анасының қолдауымен көтерілген шығар. Әдетте бала біреудің қолдауымен жоғары көтерілетін болса, құлаған кезде оңбай құлайды. Қайта көтерілуі қиын болады", - деді сарапшы Bilgen Durys арнасына берген cұхбатында.

Ғалияш Махашова Қуандық Бишімбаев кейсінен қандай психологиялық жай-күйді байқауға болатынын айтты.

"Қуандық Бишімбаевтың оқиғасын есімізге түсіретін болсақ, бұған дейін оның да өмірінде көтерілген және оңбай құлаған сәті болды және ол өзін қайтадан таба алмай қалған. Сол уақыттары ата-анасы (баласының - еск.) күйзеліске шалдыққанын көріп отырды ғой. Бірақ нарциссизм деген дүние бар. Ол ата-анасына да тән болуы мүмкін. Әдетте нарцисстер қандай болады? Көргісі келгенді ғана көреді, естігісі келгенді ғана естиді, қабылдағысы келгенді ғана қабылдайды. Қуандық Бишімбаевтың нарцисзмі көзге көрініп тұр. Соқыр емес адамға көрініп тұр. Ол қайдан сондай болып тұр десек, ата-анасының сұхбатын көріп отырмыз, қандай отбасынан шыққан?! Ата-анасы да солай болып отыр. Өздері қабылдағысы келген нәрсені қабылдап отыр. Өздері көргісі келген нәрсені көріп отыр.

Сұхбат берген уақытта Салтанатты жамандай бастады. Екеуі жарысып айтып отырды. Бізде қазақта "өлген адам туралы не жақсы айт немесе мүлде айтпа" деген сөз бар ғой. Бұл жерде ол сөз ұмыт қалды. Халықтың көзқарасын өзгертеміз, шындық айтамыз деген ой болған шығар. Бірақ мына нәрсені ұмытпау керек: тиран, абьюзер, психопаттар қандай да бір қиянатты жәбірленушісіне жасап жатқан кезде ешқашан "мен кінәлімін, мен қателесіп жатырмын, мен жаманмын, сондықтан сені ұрып жатырмын" демейді ғой. Бірінші өзін ақтап алу үшін жәбірленушіден қателік іздейді. Қателікті өзінше табады. Сол арқылы оны жазалайды. Жазалап болғаннан кейін де оны кінәлі етеді", - деді ол Bilgen Durys арнасына берген cұхбатында.

Сонымен қатар, сарапшы Бишімбаевқа ата-анасының қандай әсері болғанын айтты.

"Кез келген ересек жасаған қателігіне толық ата-анасы кінәлі деп айтпаймыз. Бірақ бастапқы қандай да бір себебі, жауапкершілігі бар", - деді психолог.

Айта кетейік, біраз уақыт бұрын экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ата-анасы ресейлік блогер Наталья Грейске сұхбат берді.

Бишімбаевтың анасы Әлмира Бишімбаева ұлын "ана ретінде қолынан келгенше қорғап жүргенін" айтып, көзіне жас алды.

"Әрине, бұл - өте ауыр трагедия. Салтанатты ата-анасын түсінемін. Үйімізде үлкен трагедия. Әлеуметтік желіде негатив материал көп. Бірақ жақсы адамдар да көп. Жағалауда жүрген кезімде шамамен 40 жастағы әйел келіп, "апай, сіз Қуандық Бишімбаевтың анасысыз ғой? Бекем болыңыз, біз сізді түсінеміз, сізді қолдаймыз" деді. 

Мұндай жағдай кез келген адамның басынан өтуі мүмкін. Бірақ мұндай нәрсені ешкімге тілемеймін. Ұлымды өте қатты жақсы көремін, ұлымызбен мақтанамыз. Бірақ осындай жағдай болып қалды. Неге бұлай болғанын әкесі екеуіміз де түсіне алмадық. Ол қатал адам болған емес. Бала күнінен өзіне жауапкершілікті ала білетін адам болған. Үнемі бізге қамқор болатын. Үш жыл бұрын әкесі қатты ауырып қалған кезде дәрігер тауып, емдетті. Үнемі бізге алаңдап жүреді", - дейді Әлмира Бишімбаева.

Ал Бишімбаевтың әкесі марқұм Нүкенова туралы сөз қозғады.

"Бастапқыда екеуі қосылған кезде, әрине, қуандық. Себебі ұлымыз бақыттан басы айналып жүрді. Ол жақсы көретіні байқалды. Бірақ уақыт өте келе ол қателескенін білдік. Қазақта "жақсы әйел күйеуін төрге сүйрейді, жаман әйел жақсы еркектің басын көрге сүйрейді" деген түсінік бар. Олар бір-бірін жақсы көргенімен бір-бірін жақсы танымай жатып үйленді", - дейді Уәлихан Бишімбаев.


Рекомендовать
Последние новости