Қазақстан Үкіметі, ҚР Ұлттық банкі және Tristan Oil жетекші кредиторларының қолдауындағы Стати тарапы Қазақстандағы мұнай-газ активтері туралы ұзаққа созылған дауды реттеу процесін сәтті аяқтады, деп жазады Dalanews.kz.
Бұл туралы бүгін, ҚР Әділет министрлігі хабарлады.
"Қол қойылған түпкілікті реттеу туралы бұл келісім барлық ағымдағы дауларды болашақта қайта қозғау құқығынсыз доғаруға негіз болып табылады. Келісімнің нақты шарттары құпия қалдырылады", делінген министрлік хабарламасында.
CEO Argentem Creek Partners Дэниел Чапман бұл реттеу жұмысы барлық тараптар үшін мәселені әділ шешу жолын іздеу мақсатында Қазақстан Республикасы қабылдаған тәсілді, бұл аталған ел инвестордың құқықтары сақталатын орын болып табылатынын атап көрсетеді.
"Біз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа шетелдік инвесторлардың Қазақстан туралы түсінігін өзгертудегі көшбасшылығы үшін алғыс айтамыз. Біз болашақта жаңа жобалармен жұмыс істеуді асыға күтеміз", - деді ол.
Argentem Creek Partners – Стати тараптарының инвестициялық құралы - Tristan Oil Limited-тің кредиторлары болып табылатын нақты қорлардың инвестициялық басқарушысы.
"Ұзаққа созылған дау-дамайға нүкте қойылғаннан кейін Қазақстанда экономиканы дамыту үшін, оның ішінде инвестициялар тарту арқылы, қосымша мүмкіндіктер пайда болады. Бұл ретте, мен бұрын атап өткендей, республикалық бюджеттен реттеу шеңберінде қаражат пайдаланылмады", - деді Әділет министрі Азамат Есқараев.
Айта кетелік, 2018 жылдың қаңтар айының басында Амстердам соты молдован кәсіпкерінің шағымы бойынша, "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорына тиесілі KMG Kashagan BV голланд компаниясының 5,2 млрд доллар болатын акциясын бұғаттау туралы шешімін өзгеріссіз қалдырды.
Ал бұл сот шешімі 2017 жылдың 8 қыркүйегінде шыққан еді. Стокгольм сауда палатасы бастамасымен құрылған сот қазақстандық тарапқа халықаралық міндеттемелерін бұзып, Статиге залал келтірген үшін 500 миллионнан астам доллар төлеуді міндеттеген. Ал желтоқсан айында Ұлттық қордың активіне қызмет көрсететін Bank of New York Mellon Қазақстан ұлттық қорының 22 миллиард долларын бұғаттаған еді.
Одан соң Ұлттық қордың ақшасын реттеуші Ұлттық банк еліміздің атынан қарсы шағым түсіргенін мәлімдеді. Бізге белгілі болғандай,Қазақстан молдован кәсіпкері Стати мен оның сыбайластарын алаяқтық әрекеттері үшін "Ұжымдасқан қылмыспен және сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы" АҚШ заңы аясында жазаға тартуды сұрады.
Анатоли Стати "Біз Қазақстаннан өтемақыны асықпай, бірақ сенімді түрде өндіртіп жатырмыз. Бірнеше жыл бұрын Қазақстанның 1 миллиард доллардың жартысын төлеп құтылатын мүмкіндігі болып еді. Бірақ осы қомақты шығындардан жеке пайда көргендер басқаша шешім қабылдады", – деп отырған еді.