Қонаев қаласыднағы Наурыз мерекесі жоғары деңгейде атап өтілді

Жарбол Кентұлы 21 мар. 2025 19:54 1453

Қонаев – Алматы облысының әкімшілік орталығында  Наурыз мейрамы кең ауқымда тойланды. Орталық алаңда 25 киіз үй тігілді, олардың әрқайсысында қазақ халқының дәстүрлері көрсетілді. Мерекеге келген қонақтарға ұлттық салт-дәстүрлер таныстырылып, наурыз-көже мен бауырсақ ұсынылды, – деп хабарлайды  Dalanews.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев мерекелік шараларға қатысып, қала тұрғындары мен қонақтарын Наурызбен құттықтады. Ол бұл мейрамның бірлік пен жаңару символы екенін атап өтті:

– Бұл мереке бізді біріктіреді. Дәстүрлерімізді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу – біздің міндетіміз. Себебі дәл осы құндылықтар халқымызды мықты әрі біртұтас етеді, – деді Марат Сұлтанғазиев.

Мерекеге Венгрия, Қытай, Қырғызстан, Литва, Түркия және АҚШ-тың бас консулдары мен атташелері, сондай-ақ Моңғолия мен Үндістанның консулдары қатысты. БҰҰ агенттіктері мен миссияларының өкілдері, белгілі мәдениет қайраткерлері  де шарада бой көрсетті.

Қонаев көшесінің бойында қолөнер шеберлерінің жәрмеңкелері мен сауда қатарлары ұйымдастырылды. Қалалық саябақта ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтті. Ал орталық алаң мерекенің басты ордасына айналды – үлкен сахнада қазақстандық эстрада жұлдыздары мен жергілікті өнерпаздар өнер көрсетті.

Көрермендерді ерекше таңғалдырған сәт – Қазақстанның халық әртісі, композитор және дирижер Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған Талғар ауданы бойынша білім бөліміне қарасты орта мектеп оқушыларының қатысуымен, Республикалық “Күй күмбірі” челленджінде 200 жуық оқушы “Ата толғауы” күйін орындады.

21 наурыз кешінде алаңда танымал әншілердің қатысуымен мерекелік концерт өтті.

Мерекелік шаралар бүкіл облысты қамтыды – барлық аудан мен ауылдық округтерде ұлттық спорт түрлерінен жарыстар және мәдени бағдарламалар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, Наурыз мейрамы өңірдің барлық аудандық және қалалық орталықтарында 22 күні жалғасын тауып кеңінен аталып өтілді.


Рекомендовать
Последние новости