Журналист Гүлбану Әбенова Қазақстандағы жоғары лауазымды шенеуніктер мен олардың балаларының қоғамнан алшақ өмір сүріп жатқанын айтып, ауыр сынға толы жазба жариялады. Ол бұл жағдайдың соңы жасөспірімдер арасындағы қатыгез буллингке, тіпті суицидке дейін алып келіп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Журналистің айтуынша, жылына 25 мың доллар тұратын жекеменшік мектептерде оқитын әкімдердің балалары қарапайым қазақстандық отбасылардың күнделікті өмірінен мүлде бейхабар.
«Балалары жылына 25 мың доллар тұратын жекеменшік мектептерде оқитын әкімдер Қазақстандағы шынайы орта білім беру жүйесінің қандай екенін білмейді. Олар қарапайым ата-ана мен баланың күн сайын қандай мәселемен бетпе-бет келетінінен бейхабар», - деп жазды Гүлбану Әбенова.
Оның пікірінше, мұндай шенеуніктер елдегі білім жүйесін басқаруға моральдық құқығы жоқ.
«Олар шынайы өмірден алшақ. Сондықтан тек есеп пен презентациядан ғана білетін жүйені басқаруға олардың моральдық құқығы жоқ», - дейді журналист.
«Бұл балалар Қазақстаннан тыс өмір сүріп жатқандай»
Гүлбану Әбенова жазбасында жоғары лауазымды тұлғалардың балалары да шынайы өмірден алшақ өсіп жатқанын атап өтеді.
Оның сөзінше, бұл балалар туған сәттен бастап жеке күтушілердің, қызметшілердің, аспаздар мен үй қызметкерлерінің ортасында тәрбиеленеді.
«Олар өз ыдысын жумайды, бөлмесін жинамайды. Орташа қазақстандық отбасының қалай өмір сүретінін мүлде түсінбейді», - деп жазады ол.
Журналист бұл балалар барлық қауіптен алдын ала қорғалған VIP-ата-аналардың қамқорлығында өсетінін айтады.
«Олар Қазақстанда емес, басқа бір әлемде өмір сүріп жатқандай әсер қалдырады», - дейді Әбенова.
Қатыгез буллинг қайдан шығады?
Осы тұста журналист қоғамды толғандырған өткір сұрақ қойды:
«Оларға не жетіспейді? Неге жоғары лауазымды шенеуніктердің балалары өз құрбыларын суицидке дейін жеткізетін қатыгез буллингтің қатысушысына айналады?»
Ол «елге құндылық үйретіп отырған адамдардың өз отбасында не болып жатыр?» деген сауал тастайды.
Журналистің пікірінше, мемлекеттік қызметтегі бассыздық тек кабинеттерде емес, отбасынан басталады.
«Шектен шыққандық тек жұмыс орнында емес. Ол ең алдымен отбасында басталады. Бірақ мұндай адамдар креслосына жабысып, бізді басқарып отыр», - деп жазады ол.
«Оларға мемлекеттік қызмет не үшін керек?»
Гүлбану Әбенова жоғары лауазымды тұлғалардың байлығына да назар аударады. Оның айтуынша, көпшілігінің бизнесі, активтері, ықпалы бар, миллиардер атанғандар да жетерлік.
«Оларға мемлекеттік қызмет не үшін қажет? Ақша жетпей ме? Әлде шенеуніктің креслосында отырсаң, бизнес жақсы жүре ме?» - деп жазады журналист.
Ол бұл сұрақтың жауабы айқын екенін атап өтеді.
«Олар бұл қызметке халық үшін де, мемлекет үшін де келген жоқ. Себебі ел азаматтарының қалай өмір сүріп жатқанынан мүлде хабары жоқ адамдардан еш пайда жоқ», - дейді ол.
Алматыдағы қайғылы жағдай
Журналист жазбасын Алматыда жансақтау бөлімінде жатқан жасөспірім қызға тілектестікпен аяқтайды.
«Алматыдағы реанимацияда жатқан қыз баланың сауығып кетуін тілеймін», - деп жазды ол.
Қыздың ата-анасының айтуынша, бірнеше айға созылған буллингтің артында Алматының бұрынғы әкімінің 14 жастағы қызы тұрған.
Аталған дерек ресми түрде әлі расталмаған. Құзырлы органдар оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.
