Қымбатшылыққа кім кінәлі? Министр Жұманғарин кінәліні анықтайтын прокурор ма?

Dalanews 14 февр. 2023 05:18 1287

«Сен салар да, мен салар – атқа жемді кім салар» дегендей соңғы кездері елімізде қамбатшылықпен қай мекеменің күресетін айрып, білуден қалдық. Күні кеше ғана ҚР Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин елімізді жайлаған қымбатшылық үшін облыс әкімдерін кінәлады. Бұл – қаншалықты орынды. Енді осыны термелеп көрсек.

 

Талас туғызбайтын шындық

Ең бастысы Сауда және интеграция министрі елімізде қымбатшылықтың бар екенін мойындады. Кезінде журналистермен жүз шайсып қалған Жұманғарин:

– Жыл басынан бері пияз қатты қымбаттап, баға 25,5%-ға артты. Бұдан кейін күріш 5,2%-ға, қырыққабат 4,1%-ға, сүт пен сәбіз 3,1%-ға, картоп 3%-ға қымбаттады, – деп күн өткен сайын елімізді қымбатшылық жайлап бара жатқанын жасырмай айтты. Несін айтасыз, шендінің шындықты айтқанына риза болып қалдық.

Ал осыған кім кінәлі деген сұрақ туындаған сәтте оған да министрдің жауабы дайын болып шықты. Бағаны бақылаудан шығып кетуіне облыс әкімдер кінәлі екен.

Қымбатшылық кезінде біздің билік бірін-бірі айыптағанда алдына қара салдырмайтынын білеміз ғой.


Иә, министр айтқандай жыл басында елімізде пияз бағасы қатты қымбаттады. Пияз бағасының шарықтауы өткен жылдың жазында да байқалған-ды.

Ол кезде жуа бағасының күрт өсуіне сырт елдерде пиязға деген сұраныстың артқаны себепші болған еді.

Бұл жолы да кәсіпкерлер пиязды сырт елдерге қымбат бағаға саудалап, пайда табуды көздегені анық. Сол себепті пияз бағасы шарықтаған. Бұл – енді талас туғызбайтын шындық қой.

 

Қымбатшылыққа әкім кінәлі емес

Көрші елдерде жуа бағасының қымбаттап, кәсіпкерлер пиязды солай қарай тасымалдауынан, ешкім оғаш қылық көрмесі анық. Бәрі нарықтың заңдылығына сай.

Мысалы, Жамбыл облысының кәсіпкерлері жаз бойы өсірген пиязын Ресейге қымбат бағаға сатып, соның кесірінен Маңғыстау облысында пияз бағасы қымбаттап жатса, бұл үшін Жамбыл облысы әкімі Нұржан Нұржігітовты арқадан қағып, Маңғыстау облысы әкімі Нұрлан Ноғаевты сын тезіне салуымыз керек пе?

Иә, пиязды жақсы бағаға сатқан облыс әкімді мақтап, пияз бағасы қымбаттап кеткен облыс әкімін сынау – ең оңай шаруа.

Егер бізде облыс әкімдерін халық сайлаған болса, олардың жұмысына осылай баға беруге болар еді.

Өкінішке орай, бізде әкімдер сайланбайды ғой. Демек, қымбатшылық үшін облыс әкімдерін емес, бірінші кезекте Үкіметті кінәлаған жөн сияқты.

Айталық, бар кінәні әкімдерге аударған ҚР Сауда және интегарция министрі Серік Жұманғаринді қымбатшылық үшін жауапкершілікке тартылса логикаға сыйымды болар еді.


Еліміздегі сауда мен көрші елдер арасындағы интеграциялық ахуалға жауапты министрлік өкілдері алты ай бұрын көрші елде пияз бағасының қымбаттайтыны күні бұрын болжай алмаса, бізге мұндай министрліктің не қажеті бар?

Ойлаңызшы, «көрші Қырғызстанда пиязға деген сұраныстың күрт артуын неге күні бұрын білмедің» деп Жамбыл облысы әкімі Нұржан Нұржігітовты ешкім айыптай алмайды ғой. Облыс әкімінің міндетіне оны біліп отыру кірмейтіні анық. Әкімді бұлай айыптасаңыз, бес жасар балада «мынаның есі ауысқан ба» деп күлуі мүмкін.

Демек, елімізде азық-түлік пен жанармайдың бағасы шарықтап жатса, бас салып облыс әкімдерін кінәлау орынсыз.

Қымбатшылық бас көтергенде Үкімет мүшелері (Жұманғарин секілділер) бар кінәні әкімдерге аударып, жауапкершіліктер жалтаруы көптен бері қалыптасқан дүние екенін білеміз.

Назарбаев кезеңінде қалыптасып қалған осы «қағиданы» Смайлов Үкіметі әлі күнге дейін сындыра алмай келеді (сындыра алмай кететін де шығар).

 

Бағаны бақылау... Бұл жай ғана иммитатция

Әкімдер өздеріне орталық билік кінә арта бастаған сәтте басқарма басшылары мен полицияны алға салып, базарға барып бағаны қымбаттатқан кәсіпкерлерді алқымынан алатыны белгілі.

Ал әкім келе жатқанын естіген кейбір кәсіпкерлер пияз бағасы жазылған картон қағаздың екінші бетіне бағаны төмендетіп жазып, үлкен «бәленің» алдын алуға әрекеттенеді.

Әкім базардағы баға «бақылауда» екеніне жергілікті телеарналардың камерасымен видеоға түсіріп алған соң, жөнімен кетеді.

Кейбір Бердібек Сапарбаев сынды «камикадзе» әкімдер (қазір ондай әкімдер қалмады-ау?) пияз бағасы жазылған картон қағаздың келесі бетін аударуға дәттері шыдаса, үлкен даудың оты тұтанатыны белгілі.

Ал, енді осы жерде құдайшылығын өзіңіз айтыңызшы, қымбатшылыққа кім кінәлі?

Әрине, логикалық салып қарасақ, пияз бағасының қымбаттауына бірінші кезекте Үкімет басшысы, одан кейін ҚР Сауда және интеграция министрлігі айыпты екенін кімде болса байқар еді.


Сондықтан «қорыққан бұрын жұдырықтайды» дегендей ҚР Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің әкімдерді күні бұрын айыптап жатқанын түсінуге болады.

Ең сорақысы облыс әкімдері қымбатшылықты күні бұрын болжай алмай, былжырап отырған Үкіметке қарсы бір ауыз сөз айтпастан, базарға барып «Бағаны ауыздықтау» деп аталатын қойылымды қойған кезде кімнің болса да қарыны ашатыны анық.

 

Қымбатшылық қалай тоқтайды?  

Ал енді, елімізде қымбатшылық қай уақытта тоқтайтынын байқаған шығарсыз?

Біздің пайымдауымызша, облыс әкімдері Үкімет пен ҚР Сауда және интеграция министрлігімен жауырды жаба тоқымай, шындықты бетке айтқан кезде қымбатшылық мәселесі біртіндеп реттеле бастайды.

Ол үшін жеделдетіп облыс әкімдерін сайлауын өткізу керек. Сол кезде халыққа арқа сүйеген Жамбыл облысының әкімі (Нұржігітов емес) Үкімет басшысына (Смайлова емес) алдын ала «Үкімет облысымызда өндірілетін пияздың тонналап Ресейге кетуіне жол беріп отыр. Ертең Маңғыстауда пияз бағасы көтеріліп жатса, бізді кінәламаңдар» деп 6 ай бұрын айғай салып, баспасөз мәслихатын өткізген болар еді.

Жамбыл облысы әкімі Үкімет басшысына ескерту жасаған күннің ертесінде Премьер де шұғыл жиын өткізіп, белгілі бір уақыт аралығына дейін Ресейге пияз экспорттауға мороторий жариялап, артынша Маңғастау облысы әкіміне (Ноғаев емес) қоңырау шалып, «Қыс бойы жеп шығатын пияздарыңды Жамбыл облысынан жеткізіп алыңдар» деп хабар берген болар еді.


Бұдан кейін Маңғыстау облысы әкімі Жамбыл облысына 50 фура жіберіп, өзіне қажетті пиязын жеткізіп алғаннан кейін Үкімет басшысына қоңырау соғып, «Премьер мырза, облыс халқы жазға дейін жеп шығатын пияз қорын қамдап алдық. Жамбылдық кәсіпкерлер пиязын Қырғызстанған алаңсыз сата беруіне болады» деп хабарлар еді.

Осындай жүйелі жұмыс істелінген кезде ғана қымбатшылық деген қызылкөз бәле бізді айналып өтер еді. Ал қазір қымбатшылықты күні бұрын біліп, алдын ала қам жасайды деген министріңіз кінәлілерді іздеп, прокуратураның қызметін атқарып кетті.

Қымбатшылықты жеңу үшін әкімдерді сайлауын өткізіп, жергілікте жерлердегі басшылардың беделін көтеру керек.

Егер бұлай істемесек, Жұманғарин сынды шенділер қымбатшылық үшін әкімдерді кінәлап, бір креслодан, екінші креслоға секіріп жүре береді, жүре береді.

Нұрлан ЖҰМАХАН

Рекомендовать
Последние новости