Қымбат пен Нұрай Ресейді мойындатты

Dalanews 11 мая 2022 10:14 1049

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің қос шәкіртінің жобасы Ресейдің Мәскеу облысы, Королев қаласында өткен бүкілресейлік «Человек-Земля-Космос» ғылыми-зерттеу жобалар олимпиадасында ІІ орынға ие болды.

10 сынып оқушылары Қымбат Байсапина мен Нұрай Жанатбекқызының «Жаңбыр суын жинайтын дренаж жүйесі және заманауи қаладағы жолдық экоинфраструктура» атты жобасы қазылар алқасының жоғары бағасына ие болған. Жалпы жас зерттеушілер бұл тақырыптағы еңбектерін 2 жыл бұрын қолға алған.

– Бұл жобаны қолға алуымызға қаламыздың көшелеріндегі жағдай себеп болды. Жасыратыны жоқ – жауын жауса Семей көшелеріне су жиналатынын көзіміз көріп жүр. Біз бақылаған Ә.Тәңірбергенов, Глинка, Селевин, Қабанбай батыр, Абай, Ш.Қаржаубайұлы  сынды негізгі көшелердің өзінде осы мәселемен жиі бетпе-бет келеміз. Бұл өз кезегінде асфальттің бүлініп, ылғалдың әсерінен қопарылуынан бөлек, жаяу жүргінші мен көлік кептелісіне алып келеді. Осыған орай, қала іші жол бойында жаңбыр мен еріген қар суының жиналуын болдырмайтын, асфальт бұзылуының алдын алып, жол жиегін көгалдандыруға мүмкіндік беретін дренаж жүйесі мен экологиялық инфрақұрылым моделін әзірлеуді жүзеге асырмақпыз, – дейді Нұрай Жанатбекқызы.

Сонымен қатар, заманауи қала тұрғындары үшін ыңғайлы, әрі қауіпсіз жол қозғалысы жоспарын жасап шығаруды көздеп отырған Қымбат пен Нұрайдың зерттеу обьектілері жол, дренаж, топырақ, жаңбыр суы, көгалдандыру, жел энергиясы. Дренаж жүйесінің макетін жасауға және  математикалық есептеулері жүргізуге қаламыздағы Қарағайлы ауданы зерттеу объектісі ретінде алынды. Бұл аймақта жаңбырдың жиі жаууы мен жаңбыр суының жиі тұрып қалуы және байқалады. 3D схемасы SketchUp бағдарламасының көмегімен жасалды. 


– Дренаж жүйесінің жұмысына назар аударсақ, ең алдымен жолдың 70 көлбеулігі арқылы жаңбыр суы бордюрдегі саңылаулар арқылы өтеді. Саңылаудан өткен су байланыстырғыш құбыр арқылы арыққа төгіледі. Арыққа жаңбыр суы байланыстырғыш құбырдан құйылып, ары қарай арықтан өтіп, горизонтальді резервуарға жиналады. Жел генераторы өндіретін энергия есебінен осы резервуардың ішінде жиналған жаңбыр суын сорғы көмегімен вертикальді резервуарға жеткізеді. Вертикальді резервуардағы жаңбыр суын тамшылатып суғару әдісімен қаланы көгалдандыруға қолдана аламыз. Қауіпсіздікті ойластыру мақсатында жаяу жүргіншілер жүретін жолда қозғалыс датчигін орналастыру, жолды екі жақтан жарықтандыру қарастырылды, – дейді Қымбат Байсапина.

Зерттеу сұрақтарына жауап бере отыра, дренаж жүйесі мен қаладағы жол инфраструктурасының ерекше моделі жасап шығарылды. Ол өзінің тиімділігі мен экологиялық тазалығымен ерекшеленеді. Сондай-ақ оқушылар бұл жобаны кез-келген қалада іске қосуға болатындығын айтып отыр.

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости