ҚазҰУ-да Мұрат Әуезовке арналған халықаралық конференция өтті

Dalanews 07 сент. 2023 12:05 1454

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат, мәдениеттанушы ғалым, қаламгер Мұрат Әуездің 80 жылдық мерейтойына арналған «Тарихи-мәдени үдерістегі сабақтастық» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Тағылымды жиынның мақсаты – Мұрат Мұхтарұлының ғылыми, шығармашылық еңбектерімен қатар, қоғамдық және мемлекеттік қызметінің маңызды кезеңдерін саралап, қайраткер қаламгердің рухани мұрасын насихаттау.

Іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері,  Алматы қаласының әкімдігі, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев, Татарстан жазушылар одағының төрағасы Зайдулла Ркайл, Татарстан халықтары ассамблеясының төрағасы Ирек Шарипов, ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Бақытжамал Оспанова қатысып, мерейтой иесін құттықтады.

Сонымен қатар Қырғызстан, Өзбекстан, Татарстан, Голландия  елдерінен келген ғалымдар, ақын-жазушылар, еліміздің зиялы қауым өкілдері, Мұрат Әуездің замандас достары, ҚазҰУ-дың оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттері қатысты.

Конференция жұмысын ашқан Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев мерейтой иесінің қазақ руханиятында алатын ерекше орнын атап өтті.

– Мұрат Мұхтарұлы есімі қазақ халқына ғана емес, барша түркі  дүниесі мен ислам әлеміне жақсы таныс. Қаламгер Мәскеуде оқып жүрген кезінде қазақ жастарының басын қосқан «Жас тұлпар» қозғалысының белді мүшесі, жетекшілерінің бірі болды. Семей ядролық полигонын жабу жөнінде бастама көтерген «Невада – Семей» қозғалысына мүше болып, елдік мәселелерге атсалысты. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстанның Қытай Халық Республикасындағы тұңғыш  төтенше және өкілетті елшісі қызметін абыроймен атқарып, ұлттық дипломатияның дамуына үлес қосып,  екі ел арасындағы байланыстарды жаңа бағытта іске асыруға күш салды. «Қазақфильм» киностудиясында бас редактор болған кезеңде ұлттық кинематографиядағы жаңа толқынды қалыптастырды. Қазақстан жазушылар одағында еңбек еткен жылдары көркем аударма және әдеби байланыстар саласын дамытты, – деді ректор.

Жиында сөз алған ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев:

– Мұрат Әуезов – асылдың сынығы, ұлттың ар-ожданы, зиялылықтың айнасы, философ ғалым. Қазақ халқында «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген даналық сөз бар. Мұрат Мұхтарұлы осы асыл сөзді бойына сіңіріп, әке жолын абыроймен жалғастырып келеді. Ол қазақ халқының ғылымын, көркем әдебиетін, кино өнері мен телевизиясын дамытуға елеулі үлес қосқан қайраткер тұлға, – деді.

Шара барысында шығыстанушы, түркітанушы, тарихшы ғалымдар Роберт Эрмерс, Сафар Абдулло, Александр Қадырбаев, Ркайл Зайдуллин баяндама жасап,  профессор Мұрат Мұхтарұлының әдеби және саясаттағы зор үлесі мен жетістіктеріне тоқталды.

Конференцияда Мұрат Мұхтарұлының түрік тіліндегі «Birliktelik» (Бірлік) кітабының тұсауы кесілді. Бұл жинақ ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының қолдауымен жарық көрді.

Жиын соңында мерейтой иесі жиылғандарға алғысын білдіріп, ризашылығын жеткізді. Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысы әрі қарай секцияларда жалғасты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости