Қазақстандықтардың Еуропаға баруы қиындайды

Сағыныш Сардарова 08 окт. 2025 11:13

Енді қазақстандықтардың Еуропаға баруы қиындайды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қандай өзгеріс болады?

12 қазаннан бастап Шенген аймағына кіретін елдер жаңа цифрлық шекара бақылау жүйесін, яғни Entry/Exit System-ді (EES) енгізе бастайды. Бұл жүйе төлқұжаттағы дәстүрлі мөрді ауыстырып, елге кіру және шығу туралы мәліметтерді электрон түрде тіркейді.

Еуропалық комиссия мәліметінше, бұл өзгерістер қауіпсіздікті арттыру, заңсыз көші-қонмен күресу және шетелдіктердің Шенген аймағында болу мерзімін бақылауды жеңілдету мақсатында енгізіліп отыр.

Еуроодақтың мәліметінше, жаңа жүйе мынадай мүмкіндіктер береді:

  • Шенген аймағында болудың рұқсат етілген мерзімін дәл есептеу;

  • Шекаралық бақылаудан өтуді біртіндеп жеделдету;

  • Жалған құжаттарды пайдалану мен жеке деректердің ұрлану қаупін азайту;

  • Қауіпсіздік деңгейін арттыру және терроризм мен ауыр қылмыстарға қарсы күресті жеңілдету.

Бұл жүйе қалай жұмыс істейді?

Шекараны алғаш рет кесіп өткен кезде саяхатшыларға тіркеуден өту қажет болады: төлқұжат деректерін ұсыну қажет, биометриялық мәліметтер тапсыру керек: сурет пен саусақ іздері алынады. Бұл деректер үш жыл бойы сақталады. Келесі сапарларда тек биометрияны сәйкестендіру жеткілікті, қайтадан толық рәсімнен өтудің қажеті жоқ.

Қосымша құжаттар рәсімдеудің қажеті жоқ: жарамды төлқұжат пен шенген визасы болса жеткілікті. Сапар алдында алдын ала тіркелу талап етілмейді. EES жүйесіне тіркеу шекарада тегін жүргізіледі. Егер саяхатшы биометриялық деректер беруден бас тартса, ЕО аумағына кіруге рұқсат берілмейді.

Еуропалық комиссияның мәліметінше, барлық ақпарат ұлттық органдар мен ЕО-ның ірі IT-жүйелерін басқаратын eu-LISA агенттігінің бақылауында сақталады. Деректерге қолжетімділік шектеулі және олар GDPR стандарттарына сай қорғалған.

EES жүйесі қай елдерде жұмыс істейді?

Entry/Exit System (EES) Шенген аймағына кіретін 25 ЕО елі мен оған мүше емес, бірақ Шенгенге кіретін 4 елде қолданылады.

Толық тізім мынадай: Австрия, Бельгия, Болгария, Венгрия, Германия, Грекия, Дания, Исландия, Испания, Италия, Латвия, Лихтенштейн, Литва, Люксембург, Мальта, Нидерланд, Норвегия, Польша, Португалия, Румыния, Словакия, Словения, Финляндия, Франция, Швеция, Швейцария, Хорватия, Чехия және Эстония.

Кімдерге қатысты?

Жаңа ережелер ЕО-ға кірмейтін елдердің азаматтарына, соның ішінде Қазақстан азаматтарына да қолданылады.


Рекомендовать
Последние новости