Қазақстандағы ірі компанияның иелерінің бірі ұсталды

Сағыныш Сардарова 15 февр. 2024 16:47 3011

Қаржы мониторингі агенттігі "Тиолайн" компаниясының тең иесі Виктор Долгалевке қатысты тергеу жүргізіп жатыр, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

3 ақпанда Солтүстік Қазақстан облысының Полиция департаментінің қызметкерлері "Тиолайн" компаниясының иелерінің бірі Виктор Долгалевті жер қойнауын рұқсатсыз пайдаланғаны үшін ұстады.

"Сот санкциясымен ол қамауға алынды. Қылмыстық іс одан әрі тергеу үшін ҚМА Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментіне жіберілді. Сондай-ақ, В.Долгалевке қатысты аса ірі көлемде кіріс алу арқылы заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқаны үшін тергеу жүргізіліп жатыр", - деп жазылған ведомство мәліметінде.

Тергеу мәліметтері бойынша 2021 жылғы наурызда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі компанияның 38 миллиард теңгеге қаржылық және инвестициялық міндеттемелерін орындамауына байланысты "Обуховское" кен орнында жер қойнауын пайдалану бойынша келісімшартты мерзімінен бұрын тоқтатқан.
Жоғарғы Сот құзіретті органның іс-қимылдарының заңдылығын растады.

Сонымен қатар, 2020 жылғы 1 маусымда сот шешімімен В.Долгалевке "Тиолайн" компаниясының мүлкін басқаруға тыйым салынды.

Осыған қарамастан, В.Долгалев өзінің бақылауындағы құрылымдар арқылы заңсыз тау-кен өндірісін жалғастырып, Қытайға және басқа елдерге көлеңкелі схемалар бойынша экспорттаған. Тек үш жыл ішінде (2021-2023 жж.) 113 мың тоннаға жуық кен экспортталды.

Қылмыстық табыстың жалпы сомасы 26 млрд теңгеден асқан. Бұл қаражатқа еншілес тұлғалар арқылы кен орнына іргелес жатқан 7,5 мыңға жуық гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер сатып алынып, ол жерде де заңсыз кен өндіру жүргізілген. Сонымен қатар, 2 млрд теңгеге бюджетке төленетін салықтар мен төлемдерден жалтару деректері анықталды.


Рекомендовать
Последние новости