ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті адамға бағдарланған тәсілді кеңейтіп, салық салу саласындағы мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру бойынша жұмысты жалғастыруда. Аталған мақсатта барлық мемлекеттік кірістер органдарында "қызыл түйме" - QR-код орналастырылған. Оны сканерлеу арқылы салық төлеушілер нақты проблемалық жағдайды көрсете отырып, Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасына тікелей жүгіну мүмкіндігіне ие болады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Айта кетсек, "қызыл түйме" тек салықтық және кедендік қызметтерді алу барысында туындайтын қиындықтар жөніндегі хабарламалар үшін арналған. Бұл механизм қызметкерлер тарапынан жіберілген теріс қылықтарды, құқықбұзушылықтарды немесе адал емес әрекеттерді анықтауға және алдын алуға бағытталған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың бір бөлігі болып табылады.
Өтініш нысаны қарапайым және интуитивті түрде түсінікті, оны бірнеше минут ішінде толтыруға болады. Қажет болған жағдайда өтінішті анонимді түрде де қалдыруға болады.
Мемлекеттік кірістер комитеті мемлекеттік қызметтерді алу кезінде кедергілерге немесе сапасыз қызмет көрсетуге тап болған азаматтарды осы мүмкіндікті пайдалануға шақырады.
"Сіздің дауысыңыз салықтық және кедендік әкімшілендіру жүйесінің тиімді, ашық және клиентке бағдарланған болуына ықпал ететін маңызды құрал. Мемлекет пен қоғамның бірлескен күш-жігері ғана қызмет көрсету сапасын арттырып, сенім деңгейін көтере алады", делінген хабарламада.