Қазақстанда 38 жаңа кен орыны табылды

Кәмшат Тілеухан 13 июн. 2025 10:12

Қазақстан аумағын геологиялық зерттеу жалғасуда. Қазіргі уақытта 2024 жылғы жағдай бойынша, зерттеу жұмыстары 2014,4 мың шаршы шақырым аумақты қамтыды. 2024 жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесі бойынша қатты пайдалы қазбалар мен көмірсутектерді өндіру үшін әлеуеті жоғары 38 учаске табылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, сирек жер металдарының болжамды ресурстары 2,6 млн тонна, қоңыр көмір – 1,1 млрд тонна, мыс және никель – 3,7 млн тонна, алтын – 19 тонна және басқа да пайдалы қазбалар бар. Былтыр аяқталған жобалар бойынша картаға түсірілген аумақтың жалпы ауданы 104,4 мың шаршы шақырымды құрады. 

2024–2026 жылдарға арналған бұл жұмыстарды қаржыландырудың жалпы сомасы 22,830 млрд теңгені құрайды, оның ішінде 2025 жылы 7,636 млрд теңге, 2026 жылы – 7,865 млрд теңге көзделген.

2025 жылы 1:200 000 масштабтағы өңірлік жобалар іске асырылуда:

  • терең геологиялық картаға түсіру – 14 нысан,
  • геологиялық-минерагендік картаға түсіру – 7 нысан,
  • гидрогеологиялық жете зерттеу – 19 нысан.

Минералды-шикізат базасын дамыту жеке инвестициялармен белсенді қолдау табады. 2018-2024 жылдары қатты пайдалы қазбаларды геологиялық барлауға шамамен 424 млрд теңге салынды. Тек 2024 жылы инвестиция көлемі 99,1 млрд теңгені құрады, 2025 жылы 106 млрд теңгеге дейін өседі деп болжануда.

Қолданыстағы ережелер бойынша жеке тұлғалар жер қойнауын геологиялық зерттеуді жеңілдетілген лицензия бойынша үш жыл мерзімге жүргізе алады. Лицензиялық жүйе мемлекетке біржолғы ақы төлеуді – 50 АЕК мөлшеріндегі қол қою бонусын төлеуді, жұмыс көлемі бойынша нақты ең төменгі талаптардың болмауын, сонымен қатар учаскеге айрықша құқықтардың болмауын көздейді. Геологиялық түсіру және геофизикалық жұмыстар, сондай-ақ жерасты суларын барлау және бағалау жұмыстары жүргізуге рұқсат етіледі. Геологиялық ақпарат Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Геология комитетіне есептілікті міндетті түрде берген кезде жер қойнауын пайдаланушының меншігі болып қалады. Заңнамаға сәйкес ақпараттың құпия сақталу мерзімі бес жылды құрайды.

2019 жылдан 2024 жылға дейін жер қойнауын геологиялық зерттеуге 306 лицензия берілді, оның 55-і - 2024 жылы. 

 


Рекомендовать
Последние новости