Қазақстан қажылары 3 қаладан тікелей тасымалданады

Dalanews 25 мая 2016 22:23 924

Бұл туралы Қазақстан Қажылық Миссиясының төрағасы, наиб мүфти Серікбай қажы Ораз Алматыда өткен ҚМДБ Төралқа мәжілісінде мәлімдеді.

Мүфтияттың қажылықпен айналысуға үміткер туристік фирмалар арасында тұңғыш рет ашық конкурс жариялағанын атап өткен Серікбай қажы Ораз бұл бастаманың оң нәтиже бере бастағанын жеткізді. Оның айтуынша, бұрын қажылықпен айналысып келген 20 компанияның жартысы ғана, яғни 10-ы конкурстың алғашқы талабын орындай алған. Сауд Арабия Корольдігі (САК) Қажылық министрлігі мен Діни басқарманың талабын орындай алмаған 10 компания ірі фирмалармен біріккен.

Наиб мүфти С.Сатыбалдыұлы Ресейде 20 мың қажыға небары 9 туристік фирма қызмет ететінін алға тартты. «Ал біздің елде 4-5 мың адамға 20 компания қызмет көрсетіп келді. Тіпті, осыған дейін 50-70 адамды қажылыққа апарған, былай айтқанда, қызмет сапасы ҚМДБ талабына сай келмеген фирмалар да болды. Ашық конкурсты жариялаудағы негізгі мақсат – қажылық сапарының сапасы мен қызметін жақсарту, жерлестеріміздің қауіпсіздігін жан-жақты қамтамасыз ету, осы салада кемінде 5 жыл қызмет еткен тәжірибесі мол компанияларды іріктеу, ірілендіру, қажылық маусымындағы ұйымдастыру жұмыстарын оңтайландыру, т.б. » деп атап өтті Төралқа мәжілісінде Қазақстан Қажылық Миссиясының төрағасы Серікбай қажы Ораз.

Діни басқарманың елімізде қажылық мәдениетін қалыптастыру бағытында атқарып жатқан жұмыстары жайлы баяндап берген ол осы жылы Қазақстан қажылары үш қаладан, атап айтқанда, Астана, Алматы және Шымкент шаһарынан тасымалданатынын мәлімдеді.

«Қажыларымыз осы негізгі ірі қалаларымыздан ұшады. САК Қажылық министрлігінің қажылық сапарын ұйымдастыруға енгізген жаңа ережесіне сәйкес, өткен жылдан бастап ашылған тікелей рейс отандастарымызды Мәдина, Жидда қалаларына 5 сағат 30 минутта жеткізді», – деді наиб мүфти.

 

ҚМДБ Баспасөз қызметі


Рекомендовать
Последние новости