Қазақстан Орталық банктер кеңесін құру туралы бастаманы қолдады

Кәмшат Тілеухан 06 нояб. 2024 14:55 1158

Мемлекет басшысы 6 қарашада Бішкекте өтіп жатқан Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде тараптардың Орталық банктер кеңесін құру туралы бастаманы бірауыздан құптағанын жеткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Алайда сөз етіліп отырған Орталық банктер кеңесінің бас кеңсесі қайда орналасады, ол қандай функцияларды атқарады, бұл туралы толыққанды мәліметтер жоқтың қасы.

Сондай-ақ саммиттегі сөзінде Президент Түркі инвестициялық қорының қызметін де сөз етті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, қаржы-инвестиция саласындағы ынтымақтастықты нығайту бағыттында Түркі инвестициялық қоры ерекше рөл атқарып келеді.  

"Түркі инвестициялық қоры өз қызметін тиімді жалғастырып келеді. Мұны түркі интеграциясын тереңдетуге бағытталған қадам деп бағалаймын. Бүгінгі саммитке қырғыз бауырларымыз "Экономикалық интеграция, тұрақты даму, цифрлық болашақ және қауіпсіздік" тақырыбын ұсынып отыр. Бұл ұсыныс бәріміздің мүддемізге сай келеді. Соңғы 10 жылда ұйым мүшелері арасындағы экономикалық байланыстар нығая түсті. Биыл өзара сауда айналымы 45 миллиард доллардан асты. Осы көрсеткішті әлі де ұлғайтуға болады. Оған мүмкіндігіміз жетеді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетсек, Түркі мемлекеттері ұйымы құрамына Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Түркия, Өзбекстан енеді. Сондай-ақ Мажарстан мен Түрікменстан бақылаушы елдер болып табылады.


Рекомендовать
Последние новости