Қазақстан Байқоңырдағы бірнеше нысанды қайтармақ

Көркем Алдабергенова 03 июн. 2025 19:00

Қазақстан Байқоңыр кешеніндегі «Гагарин беседкасы» және өзге де бірқатар нысанды өз меншігіне қайтаруды жоспарлап отыр. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Премьер-министрдің айтуынша, «Байқоңыр» кешенінің туристік әлеуетіне ерекше назар аударылуда. Туризмді дамыту мақсатында «Kazakh Tourism» АҚ кешен аумағындағы туризмді дамыту тұжырымдамасын әзірлеп жатыр.

2024 жылғы қарашада ұлттық нақышта безендірілген киіз үй орнатылып, QAZQOSMOS бақылау бекеті салынған. Ол «Союз» зымырандарын ұшыруды тамашалауға арналған.

Сонымен қатар, қазақстандық тарапқа қайтару және туристік тартымды нысандарды жалға беру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда:

«Нөлдік квартал»

«Гагарин беседкасы» (10-алаң)

«Коттедждер» қонақүйі (2ж-алаң)

Монтаждық-заряд кешені (112А-алаң)

Динамикалық сынақ стенді (112д-алаң)

«Гагарин старты» нысанын жалға беру жұмыстары осы жылдың бірінші жартыжылдығының соңына дейін аяқталады», – деді Бектенов Мәжіліс депутаттарының сауалына жауап бере отырып.

Бектеновтің айтуынша, «Инфракос» РМК қазақстандық және ресейлік туроператорлармен қызмет көрсету шарттары туралы келісімдер жасаған. Сонымен қатар, GEORARK ARAL қоғамдық қорымен меморандумға, ал «Kazakh Tourism» АҚ және «BSL consulting» ЖШС-мен үшжақты ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған.

«Бәйтерек» бірлескен кәсіпорны да кешеннің негізгі нысандарын қамтитын экскурсиялық бағдарламаларды бекітті.

2018 жылы «Бәйтерек» ғарыш-зымыран кешенін құру жобасын іске асыру үшін «Зенит-М» зымыран кешенінің нысандары Ресей Федерациясының жалдауынан шығарылып, Қазақстанның қарамағына қайтарылған.

Содан бері бұл кешеннің жұмысқа қабілеттілігін сақтау және мақсатына сай қолдануға дайындығын қамтамасыз ету үшін 010-бюджеттік бағдарлама – «Ғарыш инфрақұрылымын сақтау және пайдалануды кеңейту» аясында қаржыландырылып келеді.

2025 жылы «Зенит-М» кешенінің жерүсті ғарыш инфрақұрылымын күтіп-ұстау және пайдалану үшін 937,6 млн теңге бөлінген. Сонымен қатар, 155 инженерді жалдау үшін 590 млн теңге қосымша қаржыландыру республикалық бюджетті нақтылау аясында қарастырылады.

Бүгінде уәкілетті органдар Байқоңыр кешеніндегі 69 автокөлік құралын жалдаудан шығару мәселесін қарап жатыр. Аталған көлік құралдары қолданыстағы заңнамаға сәйкес тіркелетін болады.

«Қазіргі таңда «Ғарыштық техника және технологиялар», «Аэроғарыштық инженерия» мамандықтары бойынша (бакалавриат, магистратура, PhD) мамандар даярлау келесі жоғары оқу орындарында жүргізілуде: әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Г. Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті, Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті. Сонымен бірге, мамандар «Болашақ» халықаралық стипендиясы және Байқоңыр қаласындағы Мәскеу авиациялық институтының «Восход» филиалы арқылы дайындалады», – деді үкімет басшысы.

Қазақстандық ғарышкерлердің қатысуымен жүзеге асырылатын халықаралық ғарыш бағдарламаларына қатысты Бектенов мұндай жобалар ұлттық және халықаралық мақсаттылыққа байланысты іске асырылатынын атап өтті.

«Ұшуға қатысу тек рейстің өзін ғана емес, ғарышкерді даярлау, ғылыми бағдарлама, логистика және ұшудан кейінгі қызметті де қамтитын елеулі қаржылық шығындарды талап етеді. Сондықтан төртінші қазақстандық ғарышкердің ұшуын жүзеге асыру – өте байыпты әрі прагматикалық тәсілді қажет етеді. Егер жоба өзектілігі мен негізділігі бойынша расталса, тиісті шаралар халықаралық міндеттемелер мен елдің қаржылық-экономикалық мүмкіндіктері аясында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады», – деп түсіндірді премьер-министр.


Рекомендовать
Последние новости