Қазақстан азаматтары Грузияға кіру рәсімінен өте алмай, неге қиналады - СІМ жауабы

Кәмшат Тілеухан 10 июн. 2025 09:51

ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров ведомствода өткен брифинг барысында қазақстандықтардың Грузияға кірер алдында неге көптеген қиындыққа тап болатынын, депортацияға неге ұшырап жататынын айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Смадияров осы сипатта бірнеше жағдай тіркелгенін растады.

"Біз әр жағдайды таразыға салып, зерделейміз. Консулдық консультациялар дереу шақырылды. Біздің консулдық қызмет департаментінің өкілдері Грузия тарапымен келіссөздер жүргізу үшін сол жаққа ұшып кетті. Олар өз елдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жатқанын, әрине, кейбір мәселелер бойынша талаптар туындайтынын айтып, жауап берді. Мүмкін, осындай қарбалас кезеңге біздің туристер, жалпы Грузияға барған Қазақстан азаматтары тап келген болар. Бірақ, бұдан былай олар шетелдік туристерді бірінші болып қарсы алатын шекара және кеден қызметінің өкілдерімен мұқият әңгіме жүргізуге уәде берді", - деді ол.

Оның айтуынша, Грузия тарапымен өзара түсіністікке қол жеткізілген.

"Бұл ретте төмендеу тұрғысында процесс жүріп жатыр. Егер депортацияланған басқа елдердің азаматтарымен салыстыратын болсақ, онда Қазақстанда өте төмен пайыз", – деп атап өтті ресми өкіл.

Дегенмен Грузия парламенті шетелдіктердің елде болу ережелерін қатаңдатқан жаңа заңдар пакетін әзірлеп жатқанын еске сала кетейік.

"Грузин арманы" партиясының атқарушы хатшысы Мамука Мдинарадзенің айтуынша, Қылмыстық кодекске шет мемлекеттің азаматын Грузиядан шығару және елге белгілі бір мерзімге кіруге тыйым салу түрінде жаңа жаза қосылған.

Сондай-ақ, Мдинарадзенің айтуынша, Грузия аумағында болу ережелерін бұзған шет мемлекеттердің азаматтарына қатысты айыппұлдардың мөлшері де ұлғайтылмақ және ел аумағында заңсыз жүрген шет мемлекеттердің азаматтарын шығару рәсімі айтарлықтай жеңілдетіледі.  

Сондықтан құзырлы министрлік шетелге сапарлаушы ел азаматтарына өзге елдің заңдарына бағынуды, оны бұзбауды еске салады.


Рекомендовать
Последние новости