Қарнақтың 100 жасаған мектебі мерейтойын тойлады

Dalanews 25 окт. 2018 11:53 1526

Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылындағы М.Қашқари атындағы жаратылыстану бағытындағы мектеп-лицейдің құрылғанына 100 жыл толды. Бір ғасырлық мерейтой Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында сән салтанатпен аталып өтті.

Театрландырылған қойылым арқылы мектеп тарихын көрсеткен ұстаздар мен оқушылар әсем әндер орындап, мың бұрала би биледі. Сәні мен салтанаты жарасқан сахнада сөз алған қала әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев Қарнақ ауылының тұрғындары мен мектеп ұжымын және оқушыларды құттықтады.

– Жалпы 2000-жылдық тарихы бар Қарнақ ауылы ағартушылық пен білімнің, ғылымның ордасы болған жер. Мұнда есімдері елге етене таныс ойшылдар Шәді Төре, Шоқан Уәлиханов, Шортанбай Қанайұлы, Бұхар Жырау, Мұсабек Байзақов, Әбубәкір Сандыбаев және Мұхтар Әуезовтің атасы Бердіқожа секілді көптеген зиялы қауым оқып, білім алған. Құрылғанына бір ғасыр толып отырған білім ордасы – бүгінде қаламыздың жетекші, маңдайалды мектебіне айналды, – деді әкім.

Үлгілі білім шаңырағының бүгіні де игі істерге толы, болашағы да жақсы үміт ұялатады. Мектеп оқушылары жақсы білімімен республикалық деңгейде алдыңғы орыннан көрініп отыр. 100 жыл ішінде мектептен мыңдаған адамдар өмірге жолдама алды. Олар облыста, республикамыздың әр аумағында, тіпті шетелдерде абыройлы қызмет етуде.

Осылацйша әкім бай дәстүрі бар мектептің қызметі алда да жемісті болатынына сенім білдірді.

Іс-шарада «Дустлик» өзбек қауымдастығының төрағасы Икрам Хашимжанов, облыстық «Жанубий Козогистон» газетінің редакторы Алишер Сотволдиев арнайы құттықтауын жеткізіп, сыйлықтар табыс етті.

Мұнан соң көпшілік мектеп оқушылары дайындаған қол өнер көрмесі мен дарынды оқушылардың қолынан шыққан түрлі ғылыми жұмыстарды тамашалады.

 

«Dalanews» ақпарат

Рекомендовать
Последние новости