Қаңтар оқиғасы: орыстар үй-жайын саудаға шығарып, көшуге қамдануда

Dalanews 15 февр. 2022 07:05 1550

Қаңтар оқиғасы отыз жыл бойы жайлы өмір сүрген орыстілді аудиторияның зәре-құтын қашырғанға ұқсайды. "Ташкентскийден" төмен түсіп көрмеген осынау аудитория шемоданын буып-түйіп, Қазақстаннан көшуге тас-түйін дайын отыр деп хабарлайды Dalanews.kz.

ОДКБ-ның ел аумағына әскер кіргізуі де орыстардың ойын өзгерте алмаған сыңайлы. Қаңтар дүрбелеңі басталғалы бері Қазақстанды айналсоқтап жүрген ресейлік масс-медиа орыстілді аудиторияның алабұртып жүргенін айтады.

Мәселен «Қазақстандағы орыстар» агенттігінің хабарлауынша түнеукүнгі толқудан кейін көпшілік орыстардың көңілі құлазып қалған. Агенттіктің «Қазақстаннан кеткіңіз келе ме?» деген сауалына сұралғандардың 62 пайызы «Иә, алды-артыма қарамай көшемін. Бұл елден мүлде күдер үздім...» деп жауап беріпті.

Сұралғандардың 21 пайызы «Көшу туралы ойланып-толғанып жүрмін» деп жауап қатқан.

...

Отыз жылға созылған Назарбаев дәуірі қаңтар қырғынымен аяқталды. Елдегі өзгеріске қазақтілді аудитория қозғау салғаны тұс-тұстан айтылып жүр. Қатып-семіп қалған жүйенің тамырына қан жүгірткен де қазақтілді сегмент.

Отыз жыл бойы өрісі тарылмай өмір кешкен орыстілді кеңістік постназарбаевтан кейінге кезеңге күмәнмен қарайды. Тоқаевтың тілі орысша болғанымен, риторикасынан қазақтардың сөзін сөйлейтіні сезіледі.


Сөй деп жазған «Российская газета» соңғы жылдары Қазақстандағы Ресей елшілігіне амалсыздан азаматтық беруді сұрап, хат жолдайтындардың жиілеп кеткенін айтады.

«Ресей елшілігінің поштасына түсетін хаттардың басым көпшілігі қоныс аударуға қатысты. Хаттың кіріспесі «Біз орыстармыз...» деген бір ауыз сөзбен басталады. Арыз иелерінің дерлігі дипломы бар, жоғары санатты мамандар.

«Бір емес, бірнеше дипломым бар. Ресейге жаным қалағаннан емес, амалдық жоқтығынан көшпекпін. Мен тәлім беретін нөмірі 14 мектепте орыс тілінің сағатын кесіп тастады. Жұмыссыз қалдым. Орыс мектептерінде сабақ беретін ұстаздардың еңбегін ешкім елемейді, орыс мектебінде жұмыс істеу азап, айлығы да мардымсыз. Кезінде аптасына 10 сағатты құрайтын орыс тілінің өрісі тарылып, 3-4 сағатқа дейін қысқарып қалған...».

Мінекей, елшілікке жолданатын хаттардың арасында осы мазмұндағы арыз-шағымның үлесі көп. Қазақтар орыстардың атажұртына оралуына қарсы емес, 28 пайызы қос қолдап құптап, қолдап отыр. Бірақ, мұның кері сипаты да бар.

Қазақтар орыстандырудан біржолата жалтарса, ертең олардың өз ішінде қолайсыз орта қалыптасады», – дейді «Российская газета».

Ресейлік басылым «қазақтардың орыстардың елден кетуін құптап отырған» сауалнаманы кімнің, қашан, қай жерде жүргізгенін ашып айтпайды. "Орыстар орнын босатса, Қазақстанда «қолайсыз климат» қалыптасады" деп нені меңзеп отырғаны тағы түсініксіз.

...

Бір анығы Қаңтар оқиғасы орыстілді аудиторияны елден көшу туралы идеяға иліктіре түскен.



Осы оқиғадан кейін Алматыға және еліміздің орыстанған өңірлеріне ағылып келген ресейлік блогерлер ең алдымен ет жақындарымен тілдесіп, олардан сырт суыртпақтаған екен.

Мәселен, Қарағандыда тұратын Лариса Алматыдағы толқудан кейін Қазақстаннан көшуге бекінген. Ларисаның жолдасы да Қазақстанды болашағы бұлыңғыр әрі қауіп-қатері басым ел деп санайды.


Осы күнге дейін уайым-қайымсыз өмір сүріп келген ерлі-зайыптылар жүктерін буып түйіп, көшуге қамданып жатыр.

«Жолдасымның жолға қойған кәсібі бар, табысы да тәуір. Тұрмысымыз түзу, түтініміз түзу ұшады. Бірақ бұл да бізді тоқтата алмайды. Кетеміз. Қауіп-қатер әлі де сейілген жоқ, қазіргінің бәрі алдамшы. Ертеңіме сенім жоқ.

Мен өзім сән салонын ұстаймын. Қалыптасқан клиенттерім бар. Олар да осы ұстанымда. Көшудің қамын ойластырып жүр. Менің клиенттерім шетінен шіріген бай. Олар елден көшер болса, біраз капиталынан қағылары анық. Десе де, жан қымбат...».

Сөй деген Лариса өңірдегі орыстардың көпшілігі басындағы бірнеше баспанасын сатуға шығарып қойғанын хабарлапты.

...

Орыстардың ауа көшуіне Алматыдағы оқиғалар түрткі болғаны, анық. Десе де, бұл тенденция бұдан бұрын басталғанын қаперге алу қажет.



Қазақтандыру үрдісіне қарсы келе алмасын сезген орыстілді аудитория соңғы бірнеше жыл бойына атажұртын бетке алып, үдере көшуде.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше бір ғана былтырғы жылы Қазақстаннан 48 мың орыс біржолата көшкен. Дәл қазір елдегі орыстардың үлесі 18 пайыздың үстінде, бұл шамамен 3,5 млн адам.

Осыдан отыз жыл бұрын еліміздегі орыстардың үлесі 40 пайыздан асып жығылатын.

Ресейлік саясаттанушы Валерий Выжутовичтің пайымдауынша, орыстардың үлесі азайған үстіне азая түседі. Бұл тенденцияны тоқтата алмайсыз.


«Кеңес одағы келмеске кетті. Орыс «аға ұлт» деген түсінік те санадан көмескіленіп, оның орнын басқа құндылықтар алмастырған.

Қызыл империядан бөлініп шыққан мемлекеттер бұрынғыдай Ресейге жалтақтамайды. Олардың ұлттық саясаты Кремльдің ұстанымымен сәйкеспейді және бұл заңды да.

Орыстардың алдында екі таңдау тұр: осы құндылықтарды қабылдап, тәуелсіз елдің талаптарына мойынұсынуы қажет немесе атажұртына қайтып оралуы тиіс.

Бұл арада: «алғашқы талапты қабыл алған орыстардың тағдырына алаңдауға негізгі бар ма?» деген мәселе туындайды. Ертеңгі күні олардың шаңырағын ұлтшыл-патриоттар ойрандап жүрмей ме? Ойланатын сауал...», – дейді ресейлік сарапшы.

 

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ




Рекомендовать
Последние новости