Қаламгерге тағзым: Астанада Табыл Құлыястың «Таңдамалы» еңбегінің жаңа томы таныстырылды

Самал Асқар 09 февр. 2026 14:21

Астанада көрнекті жазушы, журналист және архивтанушы Табыл Құлыястың 90 жылдығына арналған «Таңдамалы» шығармалар жинағының VI томының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Dala News.

Іс-шара 7 ақпан күні Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Ғылыми кітапханасында ұйымдастырылды. Кешке зиялы қауым өкілдері, қаламгерлер, әдебиеттанушы ғалымдар, студенттер мен әдебиет сүйер қауым қатысты.

Тұсаукесер барысында Табыл Құлыястың шығармашылық жолы, қазақ әдебиеті мен журналистикасындағы орны кеңінен сөз болды. Қатысушылар қаламгердің архив деректеріне сүйеніп жазған еңбектерінің тарихи және рухани маңызын ерекше атап өтті. Оның туындылары қоғам шындығын дәл бейнелейтін, ой тереңдігімен ерекшеленетін еңбектер ретінде бағаланды.

Филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серік Негимов Табыл Құлыясты қазақ сатирасының көрнекті өкілі ретінде атап өтті.

«Табыл Құлыяс – архив пен әдебиетті қатар меңгерген сирек қаламгер. Оның сатиралық әңгімелері мен прозалық еңбектері қоғамның шынайы келбетін айқын көрсетеді», – деді ғалым.

Оның айтуынша, жазушының шығармалары қазақ тілінің байлығын, ойлау мәдениетін және философиялық қуатын терең ашады. Табыл Құлыястың публицистикалық және сатиралық туындылары арқылы белгілі бір тарихи кезеңнің болмысы, қоғамдағы қайшылықтар көрініс табады.

«Таңдамалы» жинағының алтыншы томына автордың әр жылдары жазған публицистикалық мақалалары, тарихи-танымдық зерттеулері мен ой-толғамдары енген. Бұл еңбек қаламгер мұрасын жүйелеп, кейінгі буынға жеткізуді мақсат етеді.

Жиын барысында сөз алғандар аталған жинақ жас журналистер мен зерттеушілер үшін маңызды дереккөз екенін атап өтті. Сонымен қатар, Табыл Құлыястың еңбектері бүгінгі қоғам үшін де өзектілігін жоғалтпағаны айтылды.

Табыл Құлыястың 90 жылдығына арналған бұл рухани басқосу қазақ әдебиеті мен архив ғылымына елеулі үлес қосқан тұлғаның еңбегін ұлықтаған тағылымды шара ретінде өтті.


Рекомендовать
Последние новости
// Banner remove