Прокуратура Шерзаттың ағасының өліміне қатысты іс не себепті жабылғанын түсіндірді

Ақтоты Жапатова 08 авг. 2025 12:41

Алматы облысының прокуратурасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың өліміне қатысты тергеу неліктен тоқтағанын түсіндірді,- деп хабарлайды Dalanews.kz "Kazinform"-ге сілтеме жасап.

Облыстық прокуратура жауабына сәйкес, Алматы облысы полиция департаментінің тергеу басқармасы Н.Ғайыпбаевтың өлімі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 105-баптың 1-бөлігімен (өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу) тіркелген қылмыстық іс аясындағы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтаған.

- Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында оқиғаның барлық мән-жайларын жан-жақты, толық және объективті анықтау үшін қажетті тергеу әрекеттері жүргізілді. Жиналған дәлелдер, сараптама қорытындылары және өзге де материалдар негізінде Н.Ғайыпбаевтың өлімі өзіне-өзі қол салу (суицид) салдарынан болғаны анықталды. Үшінші тұлғалардың ықпалымен өзіне-өзі қол салуға итермелеу фактілері анықталған жоқ. Сол себепті, тергеу органымен осы жылдың 17 маусымында сотқа дейінгі тергеп-тексеру ҚПК-нің талаптарына сәйкес тоқтатылды, - делінген прокуратура жауабында.

Еске салайық, былтыр 4 қазан күні төбелестен 16 жастағы Шерзат Полат қаза болды.

2024 жылдың 12 қазанында қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады.

2024 жылдың желтоқсан айында Талғар маңында Шерзат Полаттың ағасы өлі табылды.

Шерзат өліміне қатысты 9 адам 23 жылдан 1,5 жылға дейін сотталды.

Сотталған Думан Ысқақ жазасын өтеуіне байланысты бостандыққа шықты. Ал іс бойынша апелляциялық сот 18 тамыз күні сағат 11:00–де облыстық сот ғимаратында өтеді.


Рекомендовать
Последние новости