Өскеменде Ұлықбек Есдәулеттің 65 жылдық мерейтойы өтті

Dalanews 24 июл. 2019 14:55 1469

Шығыс Қазақстан облыс орталығы Өскемен қаласында ақын, журналист Ұлықбек Есдәулеттің 65 жылдық мерейтойына орай «Алтын ұям – Алтайым» атты шығармашылық кеші пен ақын оқырмандарымен кездесу өтті.

«Құрмет» орденінің иегері, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» Ұлықбек Есдаулет туған жеріне келіп, оқырмандары мен творчестволық қауымға әдемі, мәні мен мазмұны терең кеш сыйлады.

-  Әрбір азамат туған жеріне келіп, топырағын иіскеп, халқын көрген кезде шабыт алады. Біз де бүгін елімізге келіп, сіздермен кездесіп отырмыз. Осындай жылы кездесу ұйымдастырып, әрдайым әдебиет пен мәдениетке қолдау көрсетіп отырған облыс әкімі Даниал Ахметовқа ризашылық білдіреміз, - деді ақын.

Облыстық драма театрында өткен кеште ақынның өлеңдері оқылып, әндері шырқалды. Облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова сахна төрінде облыс басшылығы атынан ақынды мерейтойымен құттықтап, иығына шапан жапты.



– Қазақ поэзиясының еңсесін биіктетіп, ұлттық қадір-қасиетін арттыруда өзіндік үлес қосып келе жатқан шоқтығы биік, көрнекті ақынсыз. Сіздің өлеңдеріңіз заман ағымына сай жазылып, оқырманына жол тартуда. Әрдайым шабытыңыз талмай, әлі талай шығармашылық еңбектеріңіздің куәсі болайық, - деді Әсем Бекқызы құттықтау сөзінде.

Сонымен қатар, А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханада Ұлықбек Есдәулетпен «Жырларым – жүрегімнің жылнамасы» атты кездесу өтті. Кездесу барысында барша жырсүйер қауым мен шығармашылыққа жақын жандар ақынға Жазушылар Одағына қатысты көкейде жүрген сауалдарын қойып, автордың алдағы жоспарларымен танысып, еркін сұхбаттаса алды.

Кездесуді Қазақстан Жазушылар одағы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Әлібек Қаңтарбаев жүргізіп, ақынның жақын достарының бірі, белгілі қоғам қайраткері Түсіпбеков Түсіпхан Түсіпбекұлы, көрнекті ақын Райысова Бақытжан Мұхтарханқызы және мәдениет саласының өкілдері жылы лебіздерін арнайды.

Кездесу барысында автордың «Заман-ай» өлеңі жайлы Роза Рымбаеваның бейнежолдауы тамашаланды. Сондай-ақ, «Тамшы» шығармашылық жастарының орындауында ақынның лирикалық өлеңдерінен монолог оқылып, барша қонақтар автордың жалынды да имандылыққа толы жырларын өз аузынан тыңдап, «Ұлар үнді Ұлықбек» атты кітап көрмесін тамашалады.



Ұ. Есдәулеттің елдік, ұлттық, адамгершілік мүдделерге қызмет ететін парасаттылығын көрсететін  өлеңдері бір төбе. Семей полигонының қасіретіне арналған «Заман-ай» өлеңi халықаралық антиядролық қозғалыстың гимнiне айналған. Қоғамның ащы шындығын көрсететін «Қара пима» поэмасы заманымыздың айықпас ауруын сөз етіп, көпшілікке ой тастайтын, тура жолдан адастырмас имандылық айнасы деуге болады.

Қаламгердің өлеңдері болгар, ағылшын, түрік, хинди, қырғыз, украин, белорус, латыш және т.б. тілдерге аударылған. Орыс тілінде «Перевалы Алтая» (1988), «Ахиллесова пята» (2002) өлеңдер мен поэмалар жинағы, қытай тілінде «Заман-ай» (2005), қырғыз тілінде «Жүрегім - махаббаттың астанасы» (2011) жыр жинақтары жарық көрген. Сондай-ақ, Ұ. Есдәулетов А. Блок, Н. Рубцов, О. Рифат, А. Рысқұлов, Б. Шинкуб, П. Мовчан, С. Муккерджи және өзге де шетел ақындарының өлеңдерін қазақша сөйлеткен.

Әсем Жылқышева


Рекомендовать
Последние новости