ОҚО әкімі 50 жеңімпаз оқушымен кездесті

Dalanews 13 июн. 2017 15:17 830

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев 2016-2017 оқу жылында халықаралық, республикалық пән олимпиадалардың және өнер мен спорт жарыстарының жеңімпазы болған 50 оқушымен кездесті.

Кездесу барысында аймақ басшысы жеңімпаздарды халықаралық, республикалық жетістіктерімен құттықтап, бұл жеңістің – олардың таудай талаптан, асқан төзімнен, ынта мен ықыласынан туған жеміс екендігін атап өтті. Сондай-ақ, балалардың бұл жеңісінде ата-аналар мен ұстаздардың қосқан үлесі мол екенін жеткізді.

– Облыс мерейін асырған талапты түлектер – Сіздерге және Білікті ұстаздарыңызға алғысым ерекше. Елімізді «Мәңгілік ел» жасауда нағыз болашақ қозғаушы күш ол жастар. Білім беру – қашан да ата-ананың бала алдындағы қастерлі қарызы, тұтас қоғамның ұрпақ алдындағы қасиетті парызы. Ал білім алу – ертеңінің еңселі болғанын қалайтын қай жанның да жүрекке түйген борышы. Өткен 2016 жылы түлектеріміз Астана – Алматы қалаларымен теңдей иық теңестіріп, ҰБТ көрсеткіші бойынша республикада 18 оқушы ең жоғары 125 балға қол жеткізсе, соның ішінде 6 оқушы біздің облыстың түлектері. Бұл үрдіс бәсеңдеп қалмай, алдағы ҰБТ нәтижесі бойынша Сіздер жоғары көрсеткіш көрсетіп, облыстың мақтанышы болады деп сенемін, – деді әкім.



2016-2017 оқу жылында облыстың 4 оқушысы халықаралық олимпиада, 26 оқушы республикалық олимпиадаларда, 10 оқушы ғылыми жобаларда және өнер мен спорттан 10 оқушы халықаралық жүлделі орындарға ие болған. Ал, республикада жаратылыстану-математика бағыты бойынша облыс командасы «Ең үздік олимпиадалық команда – 2017» атағын ие болса, Шымкент қаласындағы №1 «Білім-инновация» лицейі «Ең үздік олимпиадалық мектеп» номинациясын екі жыл бойы жеңіп алып облыс мерейін арттыруда.

Бүгін республика бойынша мектеп түлектеріне орта білім туралы аттестаттар салтанатты түрде табыс етілуде. Жалпы биылғы жылы облыста 33 мыңға жуық оқушы 11-сыныпты бітірсе, оның ішінде 1353 бітіруші «Алтын белгі» белгісінің иегері. Ал 855-і үздік аттестатпен мектепті тамамдады.

Кездесу соңында облыс әкімі өңірдің мерейін асырған талапты түлектерге олардың ұстаздарына алғыс білдіріп, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен алғыс хаттар табыс етті.



 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости