Оңтүстікте Қымызмұрындық фестивалі өтті

Dalanews 16 июн. 2018 08:03 1444

Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданында ежелгі дәстүрімізді қайта жаңғырту мақсатында «Қымызмұрындық» фестивалі өтті.

Шараның мақсаты – жұртшылықтың ұлттық мәдениет мен салт-дәстүрге қызығушылығын арттыру және жастарды салауатты өмір салтына тәрбиелеу, сондай-ақ қазақ халқының ұлттық сусыны – қымыздың құндылығын насихаттау. Ұлттық сусын мерекесіне облыс әкімі Жансейіт Түймебаев, облыстық маслихаттың депутаттары, өңір ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері, этномәдени орталықтардың төрағалары және республикалық, облыстық блогерлер мен БАҚ қызметкерлері қатысты.

Фестивальде алғашқы болып сөз алған өңір басшысы Жансейіт Қансейітұлы айтулы мерекемен құттықтап, дәстүрдің мән-маңызына тоқталды.

– Салт-дәстүрімізді қайта жаңғыртып, жас ұрпаққа үлгі ретінде ұйымдастырылып отырған «Қымызмұрындық» фестивалінің орны орасан зор. Бұл дегеніміз– ерте заманғы тамырымызға қайта оралу. Қымызмұрындық – бие байлап, алғашқы қымыз ішу тойы және ынтымақтың, еңбектің, бірліктің мерекесі. Бие сауылып, оның сүті қорланып, ашытылған соң екі-үш күн бойы жиналған қымызға ақсақалдар мен көрші-қолаңдар Қымызмұрындыққа шақырылған. Яғни алғашқы қымыз адамдарға салтанатпен ұсынылып, «көпке бұйырсын» деген тілекпен берілген. Қазақта сусынның Құнан қымыз, Дөнен қымыз, Уыз қымыз, Жазғы қымыз, Түнемел қымыз сияқты түрлері бар. Бұлардың әрқайысының дайындалу тәсілі де әртүрлі. Дәстүр бойынша халқымыз бұл мерекеде «Сауар көп болсын!», «Ақ мол болсын!», «Аузымызды ақтан айырмасын» деп тілек айтысқан, олай болса бүгінгі «Қымызмұрындық» тойы құтты болсын, – деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ, айтулы іс-шара аясында қымыз баптаушылар сайысы, қолөнер шеберлерінің көрмесі, құлынды бие және сәйгүліктердің шеруі, ұлттық ат спорт түрлерінен көріністер, қымыз ішу сайысы өтті. Сайыстарға 15 аудан, қалалардан үміткерлер қатысып, жеңімпаздар облыс әкімінің арнайы сыйлығымен, дипломдармен марапатталды.

Бұдан бөлек, өңірдегі барлық аудан, қалалар киіз үй тігіп, оны безендіріп, этноауыл ұйымдастырып қонақтарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Қымызмұрындық фестивалінде қымыз баптаудан бас жүлдені Түлкібас ауданының үміткерлері иеленді. Тау баурайында бапталған бал қымызға жұртшылық риза болды. Бас жүлде иегерлеріне құлынды бие тарту етілді. Бірінші орынды Бәйдібек ауданының қымыз баптаушылары еншілесе, екінші және үшінші орындарды Түркістан қаласы мен Ордабасы ауданының үміткерлері иемденді. Қолөнершілер байқауында түркістандық шеберлердің бағы жанса, сәйгүліктер сайысында Шымкент қаласының атбегілері жеңімпаз болды. Жұртшылық назарын аударған қымыз құмарлар бәсекесіне барлық ауданнан өте ынталы азаматтар қатысты. Аса қызықты өткен жарыста 10.5 тостаған қымызды тоқтамай сімірген Арыс қаласы, Монтайтас ауылының тұрғыны Алмас Жаманқұлов жеңіске жетті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтар тапсырылды. Сонымен қатар, қымыз баптау сайысына қатысқан үміткерлерге ынталандыру сыйлықтары табыс етілді.

Рекомендовать
Последние новости