Оңтүстікте биыл 34 мыңға жуық оқушы мектеп бітіреді

Dalanews 18 мая 2018 11:19 918

Оңтүстік Қазақстан облысында 2017-2018 оқу жылының қорытындысы бойынша биыл 11-сыныпты 33766 оқушы бітіреді, оның ішінде 26000 қазақ, 2834 орыс, 4605 өзбек, 327 оқушы тәжік сыныптарының оқушылары. Бүгін бұл туралы ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық білім басқармасының басшысы Исатай Сағындықов мәлім етті.



Сондай-ақ, өңірде биыл 1692 мектеп бітіруші «Алтын белгіге», 1029 түлек үздік аттестатқа үміткер. Ағымдағы жылдан бастап «Алтын белгі» иегерлері Ұлттық бірыңғай тестілеуден төмен балл алған жағдайда мемлекеттік грант бөлу жүйесінде «Алтын белгі» иегеріне басымдық берілмейді.

Басқарма басшысының айтуынша, облыста 16 Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығы бар, олардың 4-і ЖОО-ның базасында, 2-і аудан орталықтарында болса, 10-ы жалпы орта мектептерде орналасқан.

– Тестілеуге қатысуға өтініш қабылдау 10 наурыз бен 10 мамыр аралығында ҰБТ-ны өткізу пунктері арқылы жүзеге асады. Бүгінде тестілеу орталықтарында арнайы металіздегіш және ұялы телефон сигналдарын тұншықтырғыш құрылғылар орналастырылған. Сондай-ақ, бейнетіргіштер мен онлайн көрсетілім үшін 133 аудиотория арнайы жабдықтармен қамтамасыз етілген. Ұлтық бірыңғай тестілеу 20 маусым мен 1 шілде аралығында өтеді. Сонымен қатар, 2018 жылғы тамыз айында және 2019 жылдың қаңтар айында ҰБТ-ны ақылы негізде қайта тапсыру мүмкіндігі беріледі. Шекті бал – 50 болып белгіленіп отыр, – деді Исатай Өмірзақұлы.

Айта кетерлігі, 2018 жылғы мектеп бітірушілердің соңғы қоңырауы жылдағы үрдіс бойынша 25-мамыр күні сағат 09-00-ге белгіленіп, іс-шаралар жоспары бекітілген. Соның бірі – биыл 26-мамырда Ордабасы ауданындағы «Бірлік» монументі аумағында мектеп бітіруші түлектерге арналған «Туған жерге тағзым» атты салтанатты шарасы өтеді. Шараға облыстағы жалпы орта білім беретін барлық ұйымдардан 630 оқушы қатысады.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости