Оңтүстікте 16 су қоймасының құрылысы басталмақ

Dalanews 06 июн. 2017 09:47 1175

Оңтүстік Қазақстан облысында 16 жаңа су қоймасының құрылыс жүргізілетін болады.  Сондай-ақ тасқын суға қарсы 70 нысанда инженерлік жұмыстар іске асырылады.  Аталған жоба жүзеге асқанда  320 млн. текше метр топан су  қабылдап, 17 мың гектар суармалы жерді суғаруға мүмкіндік туады.  Бұл туралы бүгін ҚР Үкіметінің селекторлық отырысында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев мәлім етті. 

«Биылғы дайындық жұмыстарының жоғары деңгейде атқарылуына байланысты өңір топан судан зардап шеккен жоқ. Алайда  мәселені зерттеп-зерделегенімізде жыл сайын 2 млрд текше метр судың ағып кететіндігіне  көз жеткіздік. Ауыл шаруашылығына бейімделген және жаз айларында су тапшылығына ұрынатын аймақта көктемгі тасқын суды тиімді мақсатқа пайдалану ең басты мәселе болып табылады. Сондықтан да облыстың аумағында әзірге 16 шағын су қоймаларын салып, суармалы егістік алқаптарын көбейтуді жоспарлап отырмыз. Аталған нысандар аймақты тасқын судан қорғап, егіншілікті дамытуға тікелей септігін тигізетін болады. Енді бюджеттен қосымша 250 млн теңге қаржы қарап, тағы да тоғандар мен су қоймаларын салу үшін тиісті жобалау, жоспарлау жұмыстарын жүргіземіз»,- деді Жансейіт Қансейітұлы.

Жалпы, облыс аумағында 43 су қоймасы орналасқан. Оның ішінде 20-сы республикалық, 13-і облыстық,  4-еуі аудандық коммуналдық меншігінде.  Ал,  6-уы жеке меншікке берілген.  Қазіргі таңда республикалық бюджет есебінен Тоғыс, Сасықбұлақ, Ақылбексай су қоймаларында 984,9 млн. теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 2017-2019 жылдары 11,1 млрд. теңгеге 4 су қоймасында  (Шардара, Таушаға, Досан-Қарабас, Бөген су қоймалары) күрделі жөндеуден өткізілетін болады.

Ағымдағы жылы облыстық ауыл шаруашылық басқармасы коммуналдық меншіктегі 4 су қоймасында (Ақсумбе, Бақырлы, Ащы, Текесу) облыстық бюджет есебінен 384,1 млн. теңгеге күрделі жөндеу  жүргізіледі.

Бұдан бөлек, Түркістан қаласында 1,7 млн. текше метрге арналған «Қарашық» су қоймасының құрылысы жүргізіліп, жылдың аяғына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости