«Өмірімде мұнша көп сын естімеппін». Ахметжан Есімов өкпесін айтты.

Dalanews 30 мая 2017 02:55 910

«Астана ЭКСПО-2017» ҰҚ» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов қазақстандық және шетел БАҚ-тарына берген сұхбатында жағымсыз жағдайлардың көрменің беделіне қалай әсер еткенін айтып берді, – деп хабарлайды Tengrinews.kz компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Журналистер соңғы кездері болған бірнеше жағдайдың EXPO беделін айтарлықтай төмендеткенін айтып өтті. Олар мысал ретінде көрме нысандарында түсірілген видеоларды айтты. БАҚ өкілдері көрменің беделін қайта көтеру үшін қандай жұмыстардың атқарылатынын сұрады.

– Бастапқыда-ақ, яғни жемқорлық дауы кезінен бастап көрменің беделі түскені анық. Мен осы қызметке келгенде әлеуметтік желілердің 80 пайызында көрме туралы жағымсыз пікірлер болды. Адамдарда сол жағымсыз пікір әлі күнге дейін бар. Жақында жүргізуші келіп, құрылыс материалдарын әкеліп тастады. Содан ол құрылыс материалдарын қарап жатқандай болып, барлығын видеоға түсіре бастады. Ол бұл материалдардың неге қажет екенін, оны қайда қолданатымызды білмей жатып, видеоға түсірді. Біз ол адамды таптық. Оған бұл материалдардың қандай мақсаттарда қолданылатынын түсіндіріп бердік. Ол барлығын түсініп, кешірім сұрады. Бір жарым жылдың ішінде мұндай жағдайлармен көп кездестік, – деді Есімов.
– Мен мемлекеттік қызметте басқарушы қызметтерде жұмыс істеймін, тәуелсіздік жылдарына дейін де сондай қызметтерде жүрдім деп айтуға болады. Түрлі жағдайлар болды, көп сын айтылды, бірақ өмірімде бірінші рет бір жарым жыл ішінде осыншама сын естідім. Мен мұндай жағдайларға сабырлықпен қараймын. Жақсы дейтіндей онда ештеңе жоқ. Орынды сын айтылған кезде дұрыс шешім қабылдау керек. Сондықтан, меніңше, біз жағдайды ушықтырған жоқпыз. Қазіргі уақытта бірінші кезең бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Ол құрылыс мәселесі. Осы көрме арқылы 400 кәсіпорын тапсырыс алды. Олар 414 миллиард теңге болатын жұмысты атқарды. 55 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Бізде жүзеге асырылып жатқан бірде-бір мемлекеттік бағдарлама осыншалық жұмыс орнын ашқан жоқ еді. Сондықтан да мен тағы да айтып өтейін, бұл жоба осындай дағдарысқа өте жақсы болды. Бір жағынан үлкен жұмыс атқарылды. Қазір нақты қанша жұмыс атқарылғанын есептеп жатырмыз, – деді Есімов.

Оның айтуынша, миллиардтан аса адам EXPO жайлы біледі. «Бізде Қазақстанның ішінде де жұмыстар атқарылды. Біздің телеарналар күнделікті EXPO жайлы айтып жатыр. Расында да бұл жақсы нәтиже берді. Ал жағымсыз пікірлер жайлы айтатын болсақ, біз ондай пікірлерді айтарлықтай азайта алдық», – деді Есімов.

Айта кетейік, EXPO-2017 халықаралық көрмесі Астанада 10 маусымда ашылады.

Рекомендовать
Последние новости