"Одиссей", "Жылқы" және "түн мысығы"

Dalanews 03 мая 2017 08:15 1087

Адамзат жаралған ықылым заманнан бері шындық қулықтың алдында ырықсыздық танытып келеді. Ақиқат дегеніміздің өзі де сұр бұлт ішінен анда-санда бір жылт ететін өмірі тым қысқа құбылыс. Адамдардың жақсы күнді аңсауынан туған ертегілерден басқа дүниеде қулық өзінің өміршеңдігін әйгілеп тұрады. Ардақ Нұрғазыұлы «Жылқы» әңгімесінде де қулықтың адамзат бар жерде мәңгі өмір сүре беретінін алға тартады. Әңгімені оқып отырғанымда, менің ойыма Одиссей батыр орала берді.

Әйгілі Гомердің қаламынан туған «Илиада», Софоклдың «Аякс-қамшыгер», «Филоктет», Еврипидтің «Ифигения Авлида», «Андромаха», «Гекуба» трагедиялары,  Вергидің «Энеида», Овидийдің «Қаһарман арулар» поэмаларының кейіпкері, Трояның іргесін сөккен Одиссей батыр туралы аңыз көп. Одиссей батырлығымен қоса, өзгелерді алақанында ойнататын қулығымен де, жеңіс үшін қатерлі істерге бара алатын тәуекелшілдігімен де, мүдде үшін ешкімді де аямайтын жан ретінде де көзге түседі. Бүкіл Троя соғысында және соғыстан соң еліне қайту жолындағы он жылға созылған сапарда өзгелер майданда мерт болып немесе мезгілсіз жолда қалған шақта Одиссей жоғарыдағы  қасиетімен аман оралады. Адам бойындағы бұл қасиетті біз ақыл-парасат деп атасақ, кейде оны қулық деп тануымызға да болады.

 «Жылқы» әңгімесінің оқиғасы былай өрбиді: пойыз бекетінде бала-шағасымен пойыз күтіп тұрған біреу жұрт арасынан әлдекімді танып қалады. Бірақ, анау оны танымайды. Екеуі тілдесе келе алда баратын жерлері туралы айтысады. Сол барыста әлгі адам бұл сапарға бұрын да бір шыққанын айтады. Оның әңгімесі бойынша алдағы баратын жер – сырлы, жұмбақ мекен. Алдыңғы жолы барғанда оларды «Түн мысығы» деген адам бастап барған. Мақсаттары –ежелгі обаларды қазып, байлық іздеу. Сол барыста түн кезген олардың алдынан елеске ұқсаған атты адамдар шығады. Арыны қатты атты адамдар өздерін ата-бабаларының оба-қорғанын тонаудан қорғауға келгенін айтады.  Келімсектердің бұл сөзден үрейі ұшады. Осы кезде араларындағы «Түн мысығы» әлгі аттылармен барып тілдесіп, қайшылықты шешіп, атты адамдарды жөніне жібереді. «Қалай бұлай істедің?» деген сұраққа ол: «Олар Ескендір патшаның әскерінің алдында да қоян қуып кеткендер, мен оларды алдадым, олардың алдына сондай қоян салдым да, жөндеріне жібердім», – дейді. Содан тонаушылар оба қазып, қазына іздей бастайды. Сол аралықта олардың арасынан біреу жерден бір бұйым тауып алады. Бұл заттың не екенін білмей аңтарылып тұрғанда оларға «Түн мысығы»: «Бұл қазық, – дейді айналаға алақтай қарап, – олардың жылқы арқандайтын ежелгі қазығы... ал енді безейік, бұл жолы жан олжа», – деп жаңа қауіптің төніп келгенін ескертеді. Айтқанындай, таң алдында ұлы дала төңкерілгендей болады да, жел тұрып, одан соң таудан құлаған селдей жылқы үйірі баса-көктеп келеді... Пойыз тосқан адамның айтқан әңгімесі осымен аяқталады. Олар «Түн мысығын» содан кейін кезіктірмедіңіз бе?» деген сұраққа «жоқ!» деп жауап береді. Осы кезде аялдамаға пойыз келеді. Жұрт жапа-тармағай пойызға шығуға ұмтылады. Отбасымен жұрт арасында сығылысып пойызға шыға алмай жүрген «мен» кейіпкер «оған (әлгі әңгіме айтқан адамды меңзейді) «Түн мысығының» туған ағам екенін, сол сапардан оның қайтпай қалғанын айтқаным жоқ. Міне, енді әлгі жаққа мен де аттанып бара жатырмын...» дейді өзіне өзі күбірлеп. Әңгіме осылай аяқталады. 

Қарап отырсақ, әңгімеде екі аңыздың сұлбасы бар. Біріншісі, әлемді ең алғаш болып жаушылардың бірі Македон патшасы Ескендір Зұлқарнайынның Сақтар даласына қалың қол бастап келіп, соғысар сәтте сақ әскерінің қоян қуып кеткені туралы аңыз, енді бірі «Қобыланды» жырындағы батырдың жары Құртқаның жау қолына түсерден бұрын түбіне күйеуіне арнап ас көметін, Тайбурылды арқандайтын, соңынан түнде шапқан Тайбурылдың шауып кеп жығылатын қазығы айтылады. Мұны әңгіменің кіріспесінде берілген «Қобыланды» жырынан келтірілген үзіндіден байқаймыз.

Сонда автор мұнымен не айтқысы келеді? Шығармада ата-бабаларының оба-қорғандарын қорғамаққа келгендер соңында бәрібір ақыл-айласы артық «Түн мысығы» жағынан жеңіледі. Тіпті тонаушылар әлдебір символ ретінде алынған  жылқыдан туындаған рухтың күшінен беті қайтса да, бәрібір бұл өлкеге жаңадан көз тігушілердің арынын қайтара алмайды. Айталық, әңгімеде «Түн мысығы» болмағанымен, інісі «мен» кейіпкер оның мұратын ары жалғастыра береді. Автор мұнда көшпенділер неге жеңілді деген сұраққа жауап іздегісі келгендей. Өркениеттер арасындағы дамудың парқы батырлықтан ақылға орын беруде жатыр. Адамзат қоғамы дамуының өзі осы барыстан тұрады. Сондықтан, заман көшіне еріп жан дүниесі жаңармаған, батырлық пен рухқа ғана сүйенген халық соңында бәрібір жеңілген, тарих көшінен шығып қалған дегісі келетіндей автор.

Әңгіменің кейіпкері байлық тонау үшін немесе ақша, алтынға ие болу үшін жолға  шыққан. Бұл да сол мақсатына жету үшін біреуді алдайды. Бар қулығын іске асыруға тырысады. Бұл бүгінгі біз жасап жатқан капиталистік қоғамның адамдарға сіңірген идеологиялық көрінісі немесе оны «одиссейизм» деп атауға да болады. Ардақ Нұрғазыұлының «Жылқы» әңгімесі осы «измнің» заманымыздағы қақтығысын көрсететін шығарма десек, артық кете қоймаймыз.

Қуанәлі АЛМАСБЕКҰЛЫ


        

 

Рекомендовать
Последние новости