"Енді аяғыңа жығылайын ба?". Ақтөбеде шенеунік жазаға тартылды

Қаракөз Амантай 21 авг. 2025 11:17

Ақтөбеде Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің қалалық аумақтық инспекциясының басшысы Ерлан Ибрашев қызметтік әдепті бұзғаны үшін сөгіс алды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің мәліметінше, Ибрашев пен оның әріптесі, бас маман А. Сейтмұхамбетова арасында қызметтік дау туындаған. Департаменттің басқарма бас маманы Данияр Махамбетовтың айтуынша, Сейтмұхамбетова басшының кабинетіне рұқсатсыз кіріп, амандаспаған. Осы сәтте екеуара сөзге келіп, дау ұлғайған.

"Жиын барысында Сейтмұхамбетова Ибрашевтен кешірім сұрады. Бірақ Ибрашев оны қабылдамай, Сейтмұхамбетова "енді сенің аяғыңды сүйейін бе?" деп мысқылдаған. Осыдан кейін басшы ашуға бой алдырып, "ей, сен, не екіжүзденіп отырсың, аферистенбе!" деген сөздер айтып, жиын соңына жетпей залдан шығып кеткен", – деді Махамбетов.

Әдеп жөніндегі кеңесте Ерлан Ибрашев бұл әрекетін денсаулығына байланысты көңіл күйінің нашарлауымен түсіндірді.

"Екіжүзді" деп айтқаным рас. Бірақ "афериссің" деген жоқпын, ол – бұрмаланған. Мен тек "аферист адамның ісін істеп тұрсың" дедім. Алғашында кешірім сұраған әріптесім кейін мазақтап, "сенің аяғыңа жығылайын ба?" деген соң, эмоцияма ерік беріп қойдым", – деп түсініктеме берді Ибрашев.

Кеңес мүшелері Ибрашевтың әрекеті мемлекеттік қызметкер этикасына сай келмейтінін айтып, ұжым ішіндегі қарым-қатынасты реттей алмағаны үшін оған сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолдану туралы шешім шығарды.


Рекомендовать
Последние новости