Ноғаев үш күнде Мұнайлыдағы үш ауылдың тұрғындарымен кездесті

Dalanews 14 апр. 2022 05:47 1105

Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Мұнайлы ауданына барған үш күндік жұмыс сапары аясында Атамекен, Басқұдық, Маңғыстау ауылдарының әлеуметтік-экономикалық даму жағдайымен танысып, тұрғындармен кездесу өткізді, – деп хабарлайды Dalanews.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жұмыс сапарының бірінші күні өңір басшысы Атамекен ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Жиын барысында ауыл әкімі Нұрхан Мұстафаев жыл бойы атқарылған жұмыстарды баяндады.

Бұдан кейін облыс әкімі Нұрлан Ноғаев тұрғындарды өңірде атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар етіп, олардың сауалдарына жауап берді. Жергілікті халық арнайы қоқыс төгетін жәшіктердің жоқтығы, қаңғыбас иттердің көбеюі, ауыл көшелерін жарықтандыру, ауыз су тапшылығын жою, жер телімдерін алу, жаяу жүргіншілер жолын салу  мәселелерін көтерді. Аймақ басшысы көтерілген барлық сауалдар мен ұсыныстар маңыздылығына қарай шешілетінін атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысына келген жұмыс сапарында өңірдің ең өзекті ауыз су мәселесін шешуді тапсырды. Осы бағытта біз бірқатар ірі жобаларды қолға алып жатырмыз. Мұнайлы ауданы – Қазақстандағы халық саны бойынша ең жылдам өсіп келе жатқан ауданның бірі. Сондықтан ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі уәкілетті органдардың тұрақты бақылауында болуы керек. Жергілікті атқарушы орган балабақша, мектеп, аурухана сынды әлеуметтік нысандардың құрылысын ұйымдастыруы қажет. Ел Президенті өз жолдауында халықтың өмір сүру сапасын жақсарту жөнінде тапсырмалар берді. Сондықтан біз осы бағытта жұмыс атқарамыз. Бүгін көтерілген мәселелердің барлығы шешімін табады. Оған шыдамдылық пен уақыт керек, – деді Нұрлан Ноғаев. 


Кездесуден кейін аймақ басшысы ауыл тұрғындарын жеке қабылдады.

Айта кетейік, Атамекен – Мұнайлы ауданындағы халық ең көп шоғырланған ауыл. Онда 43 мыңнан астам тұрғын бар. Қазіргі таңда бұл ауылдағы ең өзекті мәселе – жазғы уақытта ауыз судың жетіспеушілігі.

Жалпы, Атамекен ауылын толықтай сумен қамту үшін күніне 5600 текше метр су қажет. Алайда, бүгінгі таңда қыс мезгілінде тәулігіне 1500-2000 текше метр, жаз айларында 2000-2500 текше метр су беріледі.

Мәселені шешу үшін сыйымдылығы 2000 текше метрді құрайтын қосымша су айдау қондырғысын орнату жоспарлануда. Ол үшін жергілікті бюджетке ұсыныс берілді. Бұл қондырғы Жалын, Арай, Шағала елді мекендерін ауыз сумен толық қамтамасыз ететін болады.

Одан әрі аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев «Ясин» медициналық орталығының құрылыс жұмыстарымен танысты. Бүгінгі таңда емдеу мекемесінің құрылысы 99 пайызға аяқталған. Заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған орталық күніне орта есеппен 450-500 адамға медициналық көмек көрсетуге қауқарлы.



Орталықта тәжірибелі педиатр, невропатолог, лор, окулист, хирург, узи дәрігерлері қызмет атқаратын болады. Нысан толық іске қосылғанда 200-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Бүгінде орталыққа 7 мыңға жуық тұрғын тіркелген. Алдағы уақытта оның санын 30 мыңға жеткізу жоспарлануда. Нысан сәуір айының соңында іске қосылмақ.

Бұдан кейін Нұрлан Ноғаев Басқұдық ауылдық округіндегі су айдау стансасы мен жоғары қысымды газ құбырлары желісінің жұмысымен танысты.

Газ құбыры Басқұдық ауылының Болашақ тұрғын үй массивіндегі 10 көшенің ортасында қалып қойған. Соның салдарынан жедел жәрдем, өрт сөндіру көліктерінің аталған көшелермен қатынауы қиындаған. Осыған орай аймақ басшысы жауапты тұлғаларға бұл мәселені дер кезінде шешіп, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдауды тапсырды. 


Сонымен қатар аймақ басшысы балаларға арналған және арнайы жұмыс киімдерін тігіп, дайындайтын «Жанарыс» тігін цехының жұмысымен танысты.

Сондай-ақ облыс әкімі Мұнайлы аудандық ІІБ жеке құрамымен кездесіп, қызметкерлерге қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі еңбектері үшін алғыс айтты.

Рекомендовать
Последние новости