Ноғаев тұрғын үй құрылысында көрсеткіш емес, сапаға жұмыс істеу керек екенін айтты

Dalanews 12 апр. 2022 13:45 1175

Бүгін Маңғыстау облысы әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен өткен аппарттық жиында өңірдегі құрылыс мәселелері мен сол саладағы жобалардың іске асырылуы талқыланды, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жиын барысында облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айнұр Манкешова өңірде жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік құрылыс нысандары туралы ақпарат берді.

2022 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша облыста 247,7 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Биылғы жылдың соңына дейін 1 миллион 50 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. Оның ішінде 3,9 мың ш.м. жалға берілетін 72 пәтерлік тұрғын үй ағымдағы жылдың 3 тоқсанында иелеріне табысталады.

Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев салынып жатқан нысандардың санына емес, сапасына баса назар аудару керектігін атап өтті.

– Көрсеткіштер үшін жұмыс істеудің қажеті жоқ. Нәтижесін барлығымыз көріп отырмыз. Салынып жатқан нысандардың сапасына қатысты шағымдар өте көп. Осы мәселені басқарма басшысы, қала, аудан әкімдері бақылауда ұстауы қажет, – деді Нұрлан Ноғаев.


Аппараттық жиынында Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбай қалада салынып жатқан құрылыс нысандары туралы баяндады.

Бүгінгі таңда облыс орталығында 116 көпқабатты тұрғын үйдің құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде.

Дегенмен, кәсіпкерлердің құрылыс жұмыстарын рұқсатсыз бастап кеткен фактілері бар.

Өткен жылы қаладағы тұрғын үй құрылысына үлескерлерді заңсыз тарту және салынып жатқан тұрғын үйлерді жарнамалағаны үшін «Мега Технология Компаниясы» ЖШС (17 шағын ауданда орналасқан «Ақеспе» ТК),  «КаспиСтрой» ЖШС (17 шағын ауданда орналасқан «Форю» ТК),  «КазСтройПремиум-2007» ЖШС (20а шағын ауданында орналасқан «Томирис» ТК) , «Қазақ Металл» ЖШС (17 шағын ауданда орналасқан «Бақыт мекені» ТК) мекемелеріне барлығы 4 әкімшілік хаттама толтырылды.

Жиын соңында аймақ басшысы жауапты тұлғаларға бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.

Рекомендовать
Последние новости