Назым Қахарман Бишімбаев байлығын кімге аударғанын айтты

Көркем Алдабергенова 29 дек. 2025 09:30

Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы жұбайы Назым Кахарман балаларына төленетін алиментті азайтуға бағытталған әрекеттер туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ол бұл жайында Instagram парақшасында айтты.

Назым Кахарманның айтуынша, Жоғарғы сот Қуандық Бишімбаевты ата-ана құқығынан айыру туралы шағымды қараудан бас тартқаннан кейін бірнеше ай өткен соң, экс-министр алимент мөлшерін төмендету жөнінде сотқа талап-арыз түсірген.

Оның сөзінше, қарсы тарап «Қуандықтың алимент төлеуге қаржылық мүмкіндігі жоқ» деген уәж келтірген. Алайда Назым Кахарман бұл мәліметтің шындыққа жанаспайтынын айтып отыр.

"Менің адвокаттарым Қуандықтың алдағы кемінде 15 жыл бойы алимент төлеуге толық мүмкіндігі бар екенін құжаттармен дәлелдеді", – дейді ол.

Сондай-ақ Кахарман Бишімбаев алименттен жалтару үшін өз активтерін 26 жастағы үлкен ұлының атына рәсімдегенін айтады. Әңгіме бірнеше жылжымайтын мүлік жайында болып отыр.

"Баласына қамқор болу – дұрыс. Бірақ кәмелетке толған ұлыңның пайдасына активтерді аударып, кәмелетке толмаған балаларыңа алимент төлемеу – бұл жиіркенішті жағдай. Мұны қалай атауды да білмеймін", – деді ол.

Соған қарамастан, сотта Назым Кахарманның талабы қанағаттандырылып, Қуандық Бишімбаев бұрын жасалған алименттік келісімге сәйкес төлем жүргізуге міндеттелді.

"Егер Қуандық мұндай әрекеттерге бармағанында, қаржы табу жағынан өте қабілетті адам ретінде бүгінде мультимиллионер, тіпті миллиардер де болар еді. Ондай жағдайда бұл келісім оны қорғар еді, ал мен одан артық талап қоя алмас едім", – деп түйіндеді ол.

Айта кетейік, Назым Қахарман Қуандық Бишімбаевпен 14 жыл некеде болған. Олар 2020 жылы ажырасып кеткен. Назым Қахарман мен Қуандық Бишімбаевтың үш баласы бар.

Бұған дейін Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы әйелі Назым Қахарман сот отырысына қатысты пікір білдірген болатын. Сот отырыстарының бірінде Бишімбаев Салтанат пен балаларын алып шетелге демалуға шығар кезде болған жайт туралы айтып берген болатын. Қуандық Бишімбаевтың сөзінше, Салтанат шетелге шығар алдындағы түнде шетелдік төлқұжатын жоғалтып алған.

Осыған байланысты Назым Салтанатпен не жайлы сөйлескенін көрсеткен. Салтанат бұл жайтқа қатысты Назымнан бірден кешірім сұраған.


Рекомендовать
Последние новости