Министр «Қазақстан» шахтасындағы өртке 100 пайыз жұмыс берушіні кінәлады

Dalanews 18 сент. 2023 08:14 918

Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов Қарағанды облысындағы «Қазақстан» шахтасындағы өрттің себептерін тергеу жөніндегі мемлекеттік комиссия жұмысының нәтижелері туралы хабарлады. 

Сараптама нәтижесіне сүйенсек, 28 жауапты адам заңнаманың әртүрлі талаптарын бұзған. Атап айтқанда, шахтаның инженерлік-техникалық құрамы мен энергетикалық-механикалық қызмет тарапынан тиісті өндірістік бақылау болмаған. Қауіпсіздік техникасы мен техникалық реттеу нормалары бұзылған. Сондай-ақ, министр жұмыс аймағының тозаңдануы мен ауаның жану және тау-кен өнімдерімен газдануы жұмысшылардың өліміне әкелгенін айта келе, жұмыс беруші қайғылы жағдайға 100% кінәлі екенін мәлімдеді.

Шахтинск қаласының полициясы ҚР ҚК 277-бабының 2-бөлігі (тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.

Еске сала кетсек, 17 тамызда «АрселорМиттал Теміртау» көмір департаментіне қарасты «Қазақстан» шахтасында конвейер лентасы өртенген кезде жер астында барлығы 227 жұмысшы болған. Салдарынан шахтадан шыға алмай қалған бес кенші қаза тапты.

Рекомендовать
Последние новости