Мусинге қылмыстық іс қозғалды ма? Антикор нүктесін қойды

Көркем Алдабергенова 15 мая 2024 15:43 3853

Антикор экс-министр Бағдат Мусинге қылмыстық іс қозғалды деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Dalanews.kz Zakon.kz-ке сілтеп. 

30 сәуірде Бағдат Мусин цифрлық даму министрлігінен кеткен болатын. Артынша әлеуметтік желіде экс-министрге қылмыстық іс қозғалды деген ақпараттар тарап кетті. 

Антикор бұл ақпаратты теріске шығарды. 

«Қазіргі уақытта Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен оның аумақтық бөлімшелерінде бұрынғы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Мусин Бағдат Батырбекұлына қатысты қылмыстық іс жоқ», - деді сотқа дейінгі тергеп-тексеру қызметінің басшысы Қанат Сүлейменов. 

Бағдат Мусин Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігін 2020 жылдың қыркүйегінен 2024 жылдың сәуіріне дейін басқарды. Президенттің үкімімен қызметінен босатылды. Мусиннің өзі отставкаға өзі бергенін айтты.

Бағдат Мусин әлеуметтік желідегі парақшасында министр қызметінде болған кезде қандай жұмыстар атқарғанын тізіп шыққан болатын. Одан бөлек, Мусин өз қызметін жүзеге асыру кезінде олқылықтарға жол бергенін мойындады.

«Ештеңе жасамайтын адам қателеспейді деген сөз бар ғой. Алдағы уақытта жүріп өткен жолды ой елегінен өткізіп, жауапты қызметтегі тығыз кестеге байланысты көңіл бөле алмаған отбасыммен бірге демалу жоспарда бар.

Мұның бәрі қайтадан сапта болу үшін қажет! Өйткені мен Президентіміздің сенімді қолдаушысы, жаңа Қазақстан саясатының жақтаушысымын және солай болып қала беремін, қай жерде болмасын, осы мақсаттың игілігі үшін жұмыс істеуге барымды саламын. Ал әзірге жиі кейінге қалдырған істермен айналысқым келеді», - деді экс-министр.


Рекомендовать
Последние новости