"Ауыл" партиясының, ҚР Парламент Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаев "Уәде" жобасына берген сұхбатында ауыл шаруашылығы саласындағы былықты әшкереледі, – деп хабарлайды Dalanews.kz.
Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасының сөзінше, қазір Ауыл шаруашылығы министрлігінде өте жақсы команда жұмыс істеп жатыр.
"Айдарбек Сейпілұлы өзі басқарып, Серік Мақашұлы қолдап, біз отырып, бірлескен ұсыныс дайындадық. Біздің аграрлық комитетте төрт партияның өкілдері бар: Халықтық партия, Республика, Аманат және де Ауыл. Біз ұсыныстар дайындадық. Мен эфирде ашық айтып отырмын. Айдарбек Сейпілұлы мырза Президенттің қабылдауында болды. Сол кезде есіңізде болса, ол бір статистиканың мәселесін көтерді. Жалған статистиканы. Мемлекет басшсысы өтірік статистиканы көргенде таңғалған.
Миллиондаған тонна сүт, миллиондаған тонна көкөніс, миллиондаған тонна астық, бәрі - өтірік. Жоқ. Жалған статистика үшін жазалау деген ұсыныспен келісемін", - деді ол.
Серік Егізбаев жуырда картоп жөнінде Үкіметтің отырысы өткенін еске салды. Сол кезде де осындай жалған деректер анықталған.
"Жүз есе картоп қорын өтірік (жасаған - еск.). 20 тонна бар картоптан 2000 тонна картоп жатыр деп жазған. "Картоптың бағасы неге өршіп кетті?" деп Үкіметте қаралды. Бүкіл өңірде мыңдаған тонна жоқ картопты жазып қойған. Неге олай істейді? Неге қорықпайды? Себебі жалған статистика үшін жазаға тартылмайды.
Біздің арамызда кезінде ірі шаруа қожалықтарын басқарып келген әріптестеріміз (Мәжілісте - еск.) бар. "Аудан әкімдері келеді де, өнімділікті қосып жаз, қосып жаз" деп айтады дейді. "20 центнер өнім алса, 30 центнер деп жаз" деп айтады дейді. Өкінішке қарай, ол әлі күнге дейін басылған жоқ.
Кеше ғана осыны талқыладық. Неге олай істейді десек, оның арғы жағында мүдде тұр екен. Мысалы солтүстікте бір шаруашылықты айтты, "ол өмір бақи өнімділікті 10 центнерден асырған жоқ" дейді. Бірақ жылда "30, 40 центнер алдым" деп жазады дейді. "Сосын көлеңкелі импортты Ресейден алып келеді де, соны Қазақстанның астығы ретінде сатады" дейді. Бұл - біздің экономикамызға зиян. Ресейдің жерінен алып келіп, ол үшін тағы субсидия алады. Ол үшін мемлекеттен көмек алады. Ол тек бір мысал емес, өкінішке қарай, көп", - деді "Ауыл" партиясының төрағасы.