Мектеп директоры: «Оқушыларымның 45 пайызының әкесі жоқ, ажырасқан...»

Dalanews 14 апр. 2017 00:04 1177

Мұны жазбауға да болар еді…

Онсыз да тұрмыстың ауырлығын бір иығымен көтеріп, жүрегінің жыртығын көз жасымен жамап, қалт-құлт етіп күн көріп жүрген қазақ әйелдерінің жойдасыз жағдайына қарап тұрып.

Әр нәрсеге – бір нәрсе түрткі. Жақында ғана белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Амангелді Айталы мырза қазақ қоғамындағы ауыр тақырыпты көтерген. «Маған бір мектептің директоры: «Менің оқушыларымның 45 пайызының әкесі жоқ, ажырасқан отбасынан. Ол баланың психологиясы әке-шешесі бар баланың отбасындай тұрақты емес. Менің мұғалімдерімнің дені – әйелдер. Оның 40 пайызы байынан айырылған. Бұл – шындық», – деп ұстаздардың жанайқайын жеткізген болатын.

– Біз тұтынушы қоғам құрдық. Дүниеқор, ақша алдына шыққан, рухани құндылықтардан кейін қалған қоғам. Социалистік қоғамда не нәрсеге де зәру болдық. Біздің анаған, мынаған қолымыз жетпеді. Мына заман келді. Бәріне қолымыз жетті. Тәрбие мен рухани құндылық кейінге қалды, – деген сөз айтты Амангелді Айталы.

Қазақтың арғы-бергі тарихында «тірі жетім» жасау деген жоқ еді. Қазір бәрі бар. Тыныш заман. Соғыс жоқ. Жаугершілік жоқ. Ер-азаматтар қынадай қырылып жатқан жоқ. Бірақ жетім көбейді. Тағдырдың жазуымен «жетім» атанса бір жөн, көзі тірі әке мен шешенің кикілжіңінен, керіскен, ұрысқан, түсініспеген, ұғынысуға ұмтылмаған қатардағы пендешілік тұтас бір ұрпақты пұшайман күйге түсірді. Кім кінәлі? Ұшын да, ұшығын да таппай қаласыз…

Жақында бір танысым осы тақырыпқа орайлас әңгіме айтты. «1-сынып оқулығында «Әке мен шеше құстың қос қанатындай» деп жазыпты. «Қос қанаты жоқ» балаларға бұл сөз қалай әсер етеді?!. Сабақта «тірі жетім» балалар отырады. Оларға қалай ұғындырамыз? Жан жарасын тырнаудан арыға бара алмаймыз ғой».

Бастауыш сыныптың бір мұғалімі «күң» дегенді балаларға түсіндірудің қиын болғанын айтты. «Өз білгенімше, «күң» деген байларға жалданып, күнін көретін жан» деген болдым, – деді ол.

– Сыныпта отырған бір бала «менің анам бір байдың үйінде тамақ пісіреді, сонда менің анам «күң» болғаны ма?» дегенде не дерімді білмей қалдым...».

Расында, не деріңізді білмей қаласыз.

Бар мәселе – ұлттық тәрбие мен рухани құндылықта. «Өзім дегенде өгіз қара күшім бар» деген заман туғанда өзімшілдіктің өктемдігі білінбей тұрмайтын да шығар. Тек қана өзінің қара басын ойлау етек алды. Ердің де, әйелдің де жүйкесі жұқа. Шыдам, төзім, сабыр, шүкір деген ұғымдар ұраның астында қалғандай. Төзбес, көнбес, ұқпас, ұғынбас пиғыл күшейіп кеткендей. Соның салдарынан отбасы, ошақ қасындағы екі адамның мойынынан ЖАУАПКЕРШІЛІК деген талап ысырылып түскендей. Еркек – отбасын асыраушы, сырттан табыс табушы, жағдай жасаушы адам еді. Әйел – жанұяның берекесін келтіруші, тәрбие беруші, салт-дәстүрді сақтаушы болатын. Қазір осының бәрі сапырылысып, орны ауысып кеткендей. Қазақ қоғамында еркек атаулыны жауапкершіліктен алыстатқан – арақ болатын. «Ішіп кетіпті, ішіп жүр, ішкен соң осы ғой» деген сөздер жеңіл желеу болды. Еркек ез болды. Езбелік кезбелікке әкелді. «Әй» дейтін адам болмағасын әйелдердің де түгі тікірейді. Әуелі жылады. Көздің жасын бұлады. Жылағаннан жұбанбасын ұқты. Жан бағуға көшті. Жағдайының жөнсіз бұзылғаны үшін ол да жауапты емес…

Ұрпақтың жайын ойлай алмады. Ата қазақ ұрпағы үшін бәріне барды. Ұрпағы үшін құрбан да болды. Ұрпақ үшін махаббатын да қиған аналар аз емес…

Қазір үш бөлек: еркек – бір бөлек, әйел – бір бөлек, ұрпақ – бір бөлек.

Ешкім ештеңеге жауапты емес. Жауаптан жалтару көбейді.

Мемлекеттің шешетін нәрселері болады. Экономикалық, әлеуметтік салаларда жетістіктерге қол жеткізеді. Отбасы мәсе­лесін мықты деген еш Үкімет шеше алмайды. «Құстың қос қанатындай – әке мен шеше» шеше алмаған мәселе – келер ұрпақтың көзіндегі – жас, көңіліндегі – түйткіл, көмейіндегі – өксік, жүрегіндегі – дық.

«Судың да сұрауы бар» дейтін. Түбі бір сұрақ болады.

Құстың қос қанаты қайырылса қайтеміз?!.

О деңіз, бұ деңіз. Бәрібір жауап береміз!

 

Нұртөре ЖҮСІП

 

Дереккөзі: «Айқын» газеті

Рекомендовать
Последние новости