Махметғали САРЫБЕКОВ: «Сырттағы ғалымдарымыз елге келсе ғылыми тұрғыдан тоқырап қаламыз деп қауіптенеді»

Dalanews 13 апр. 2016 00:37 1258

 Махметғали САРЫБЕКОВ, Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылыми кеңестің төрағасы:

–  Әңгімемізді Қазақстанның бүгінгі ғылыми әлеуеті, оның дамуы мен еліміздегі ғалымдарды қолдауға арналған бағдар­ламалар төңірегінде бастасақ.

– Осы жылы ақпан айында «Ғылым туралы» Заң қабылданып,  ұлттық ғылым жүйесінің құрылуына негіз салды. Мемлекет басшысы ХХІ ғасырды Қазақстанның алтын ғасырына айналдыру мақсатында еліміздің жарқын жолы – қазақстандық патриотизмді, инно­ва­циялық жобаларды, экономика сала­ларын, ғылым-білімді дамытудың даңғыл жолын көрсететін 10 ілкімді идеяны жүзеге асыруды мақсат етті. Үлкен жетіс­тіктерге жетуіміз үшін мемлекет ғылымға сүйенуі тиіс. Ғылымсыз экономика, алға өндіріс те жүрмейтіні анық. Ал дамыған 30 елдің қатарына жетудің басты көрсеткіші – ғылымға көңіл бөлу. Қазіргі уақытта елімізде 400-ден аса ғылыми ұйым және онда жұмыс істейтін 20 мыңға жуық қызметкерлер бар екен. Отандық ғалымдардың инновациялық идеяларына қолдау беріп, ғылымның деңгейін көте­ріп, жергілікті ғалымдарға қолдау көрсету қажеттігін қадап айтты. Инновациялық грант бөлу арқылы әлеуеттік ғылыми зерттеулерді қаржыландыру аясын кеңейтуге тапсырма берді. Бұл баршамызды қуантады.

–  Жалпы,Қазақстанда ғылымның дамуына жамбылдық ғалымдар қаншалықты үлес қосып жүр? ТМД және әлемдік деңгейде ғылым кеңістігінде мақтанышпен аталып жүретін әулиеаталық ғалымдар бар ма?

–  М.Х.Дулати атындағы Тараз мем­лекеттік университеті ғалымдарының отандық ғылымға үлестеріне тоқтала кетейін. Университет ғалымдары ғылыми бағыттарды дамыту, ғылым мен техника дамуының басым бағыттарын айқындау, қолда бар ре­сурстарды осы бағыттарда шоғырландыру, өнеркәсiптi дамытудың ел үшiн жаңа технологиялық базасын жасау, ғылыми салада жұмыс iстеудiң нарықтық эконо­микаға тән жаңа тетiктерiн қалыптас­тыруда аянбай еңбек етіп келеді.

Университетте ғылыми жұмыстар тақырыптық жоспарға сай 121 ғылыми тақырып бойынша бюджеттік уақыт есебінен жүргізіліп келеді. Олардың 74-і  ізденуші-бастамалық  ҒЗЖ және 47-сі ҚР Президентінің Жолдауы бойынша.  Құрамы 14 ғылыми бағдарламаларға сай  4 іргелі, 102 қолданбалы және 15 тәжіри­белі-конструкторлық зерттемелерден тұрады. Бүгінгі күні  ғылыми-зерттеу жұмыс­тары 8 факультетте, 45 кафедрада, 3 ҒЗИ-да, 6 ғылыми орталықта, «А.С. Ахметов атындағы Наноинженерлі зерттеу әдістері» инженерлі бейінді зертханасында жүргізілуде. Ғалымдарымыз отандық ғылымның дамуына айрықша үлес қосып келеді. Олардың ғылыми жаңалығының өзектілігін, үлес салмағын түрлі байқаулар нәтижесі білдіреді. Соңғы жылдардың нәтижесіне тоқтала кетсем:

2015 жылы 4 ғалым (М.Көпбаева –  «Филология және журналистика» кафедрасының меңгерушісі, Л.Қожамжарова  – «Биология» кафедрасының меңгерушісі, М.Сахы – «Химия және химиялық технологиялар» кафедрасының меңгерушісі, Ә.Ыбырайым – «Филология және журналистика» кафедрасының  доценті) Білім және ғылым министрлігінің «ЖОО үздік оқытушысы» байқауының жеңімпазы атанды. 2015 жылы «Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет» бюджеттік бағдарлама бойынша мемлекеттік тапсырыс аясында 11,300 млн теңге көлеміндегі 2 грант жеңіп алынды.  Нақтырақ айтсақ, «Антропомет­рические исследования стоп населения Казахстана для разработки обувных колодок и размерно-полнотного ассортимента изделий» (ғылыми жетекшісі

С.Мунасипов)  және «Потоки Риччи на обобщенных пространствах Уоллаха» (ғылыми жетекшісі Н.Абиев) тақырып­тарындағы жобалар. 2015 жылы университет ғалымдарының 30 монографиясы, оның 10-ы Германияда жарық көрді. 2015 жылы тұңғыш рет университеттің екі ғалымы мемлекеттік стипендия иегері атанды. Атап айтсақ, «Мұнай-газ ісі» кафедрасының меңгерушісі, Б.Манапбаев талантты жастарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендияны, ал «Қаржы» кафедрасының доценті А.Молдабекова қолданбалы және іргелі зерттеулерді жүргізуге белсене қатысқан ғалымдарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендияны жеңіп алды. «Психология және педагогика» кафедрасының доценті Д.Байдалиев, «Жеңіл өнеркәсіп бұйым­дарының технологиясы мен конструкциялау және дизайн» кафедрасының аға оқытушысы  Б.Абзалбекұлы, V курс студенті  А.Синявская дәстүрлі шығармашыл жастарға арналған Жамбыл облысы әкімінің сыйақысының «Ғылым» номинациясы бойынша лауреат атанып, әрқайсысы 160 мың теңге сыйақыға ие болды.

2015 жылы студенттер де ғылым са­ла­сында айтарлықтай жеңістерге қол жет­кізді. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры жаратылыстану, техникалық және гуманитарлық ғылымдар бойынша студенттердің ең үздік ғылыми жұмыстарына жариялаған «Болашақтың ғалымдары» байқауында 5 студент, ал  4 студент осы Қордың стипендиясына жарияланған байқау нәтижесі бойынша жеңімпаз атанды. Міне, бұл марапаттардың бәрін, ғалымдардың отандық ғы­лымға қосқан еңбектерінің бағасы деп білемін.

ТМД деңгейінде танылып жатқан ғалымдар бар. 2014 жылы «Стандарттау, мейрамхана ісі және қонақ үй бизнесі» кафедрасының профессоры А.М.Байтөреевке «Ресей Жаратылыстану академиясының Құрметті ғылым докторы және профессоры» атағы беріліп, ғылымға қосқан үлесі үшін А.Нобель атындағы алтын медальмен марапатталды.  Сонымен қатар Ресей Федерациясының «Білім мен ғылым саласының үздік қызметкері» атағы берілді. 2015 жылы «Су ресурстары» кафедрасының профессоры Ә.Әбдірамановқа Еуропа ғылыми-өндірістік консорциумы іргелі және қолданбалы ғылымдарының дамуына қосқан үлесі үшін М.В.Ломоносов атындағы және физика-математика ғылымдарын дамытқаны үшін И.Ньютон атындағы алтын медальдарын табыс етіп, Ресей Федерациясының «Ғылыми мектептің негізін қалаушы», «Білім мен ғылымның еңбегі сіңген қайраткері» атағын берді.

–  Сіздің ойыңызша потенциалы жоғары ғалымдардың шет ел асуына не себеп? Ғалымдарды әлеуметтік-материалдық жағынан қолдау тетігінің дұрыс жолға қойылмауынан ба? Оның үстіне бүгінде ІТ мамандары қоғамға ауадай қажет. Мүмкін шетелдерде де осы мамандарға сұраныс жоғары шығар?

–  Әлеуметтік зерттеу жұмыстарын жүргізген ғалымдар қазақ ғалымдарын елден жыраққа кетуге итермелейтін жағдай кірістің төмен деңгейінен деп түсіндіреді.

Менің  пікірімше, шетелде жүрген қазақ ғалымдарының Қазақстанға қайтқысы келмеуі немесе қазақстандық ғалымдардың шетелге кетуінің материалдық игіліктен гөрі маңызды себебі бар. Оларға шетелде тапқан қаржысын Қазақстан да бере алады. Бірақ олардың көбі «Қазақстанда шығармашылық-ғылыми тұрғыдан тоқырап қаламыз» деп қауіптенеді. Яғни зерттеулер жүргізетін зертханалық базаларымыздың төмен болуынан деп ойлаймын.

2009 жылы сол кездегі Ғылым және білім министрі Бақытжан Жұмағұлов Қазақстанға қайтаруға шақырған 125 ғалымның тізімін жасаған. Министр «ол ғалымдар отандарына қайтып келсе, Қазақстан жұмыспен, жақсы жалақымен, баспанамен қамтамасыз ететінін» айтқан. Қазіргі уақытта қазақстандық 250-ге тарта ғалым шетелде жұмыс істейді. Олар Ресей, АҚШ,  Канада, Ұлыбритания, Қытай, Жапония, Беларусь, Австралия, Франция, Чехия,  Швейцария, Оңтүстік Корея, Әзербайжан, Венгрия, Литва, Швеция, Австралия, Германия, Италияда жұмыс істеп жатыр. Министрліктің қолдауымен қазіргі уақытта 30-ға жуық ғалымдарымыз Отанына оралды. Қазіргі күнде де ел Үкіметі шетелде жүрген ғалымдарын елге қайтару шараларын жалғастырып келеді. Қайтып келген ғалымдарға өз идеяларын, технология­ларын, ғылыми мектебін Қазақстанда дамытуға қажетті жағдайлар жасау керек. Ең алдымен, оларға шет елден кем емес жабдықталған зертханалар қажет. Осы – басты мәселе.

–  Өзіңіз басқарып отырған жоғары оқу орнында өнертапқыштыққа қолдау қан­шалықты? Осы мәселеде жергілікті биліктің үлесі бар ма?

–  Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында елімізде ғылыми қамтымды экономика құру үшін ең алдымен ғылымның әлеуетін арттыруға, инновацияларды қолдауға, зияткерлік меншікті қорғауға баса көңіл аудару қажеттілігін  айтқан болатын. Сондықтан осы бағытта өнертапқыш­тардың ел экономикасын өркендетуде орны ерекше. Ал, отандық өнертапқыш­тарға қолдау көрсету – маңызды істердің бірі. Біздің университет аймақтағы ең ірі па­тент иеленуші болып табылады. Ға­лым­дарымыз жыл сайын жаңа құрыл­ғылар мен жабдықтарға, механизмдерге, құры­лыс материалдарына, өнеркәсіптік үлгі­ле­ріне 35-40 қорғау құжаттарын алады.

Біздің өнертапқыштар республикада өнертапқыштықты насихаттауға және қолдауға бағытталған өнертапқыштық саласындағы «Шапағат» республикалық конкурсына тұрақты қатысып келеді.  Жетістіктері де аз емес.

Біз жыл сайын 12 сәуір Ғылым қызметкерлері күніне арналған салтанатты мәжілісте өнертапқыштық салада жемісті еңбек еткен ғалымдарға «Белсенді өнертапқыш» номинациясымен марапаттауды дәстүрге айналдырғанбыз. Бiзде өнертабыстар өте көп. Бiрақ, олар өндiрiске шыға алмай отыр. Бүгінгі күнге дейін Ғылым мен бизнес қауымдастықтың ара­сындағы қарым-қатынастарды реттейтiн заңдық нормалар жоқ болды. Биылғы жылы қолданысқа енген «Ғылым және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы» ҚР Заңы  осы олқылықтың орнын толтырып, өнертпақыштарға жаңа серпін бермек. Бұл Заң аймақ ғалымдарының алған жүздеген инновациялық патенттері сөрелерде шаң басып жатпай, іс-жүзіне асыруға мүмкіндік тудырады, олардың табыс әкелуіне  жол ашады. Сонымен бірге, көптеген инно­вациялық патенттер мен патенттерді коммерциялау бойынша іріктеу жүргізуді талап етеді. Болашақта ғалымдардың өнертабыстары елiмiзде өндірістік ғы­лымның өркендеуiне өз септiгiн тигiзедi деп ойлаймын.

–  Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан Ерман ӘБДИЕВ,

Жамбыл облысы

 

Дереккөзі: aikyn.kz

Рекомендовать
Последние новости