КСРО-ны кімдер көксейді?

Dalanews 13 апр. 2016 10:32 988

Редакциядан: Биыл еліміздің егемендік алғанына 25 жыл толады. Құдай бұйырса, 2021 жылы тәуелсіздіктің отыз жылын тойлайтын боламыз. Бұл уақыт та келеді. Анығында, тәуелсіздіктің әр жылы бізді Ресейден және онымен байланысты дүниелерден алыстата түспек. Алайда  арамызда өткенді көксейтіндер әлі де бар. «Олардың әрекетінің өзі сырт көзге әумесерлік сияқты көрінгенімен, іс жүзінде бүгінгі тұтастығымыз бен татулығымызға сына қағатын іс» дейді газетіміздің тұрақты оқырманы Жұмаш Шүйкенов. 

Оқырманымыздың мақаласы өзекті болғаннан кейін оны жариялауды жөн деп шештік. Сонымен...

Flag_111Мына бір дүниені түсінбей-ақ қойдық, тіпті бір жолы осы үшін әлдекімдермен жаға жыртыса жаздағанымыз бар. Көлігінің артқы әйнегіне «СССР» деген жазуды баттастырып жапсырып алатындар алжасқан ба осы? Одан қалды көлігінің ішіне Ресейдің туын орнатып алғандарды да көргенбіз? Әй, оңбайды бұлар...

Қайдағы КСРО, қайдағы Кеңес одағы? Қызыл империя әлдеқашан жермен-жексен емес пе? Әлде мұндайлар қай мемлекетте өмір сүретінін әлі күнге дейін білмей ме? Осыны түсіндіріп бере алатын жан бар ма, жоқ па?!  

Былай қарасаң, бәрі ретімен жүргізіліп жатқан сияқты. Тәуелсіздік алғанымызға да 25 жыл толыпты. Аз уақыт емес, тегінде.  Әрине, тарих үшін қас-қағым сәт, бірақ адам ғұмыры үшін бір ұрпақтың есейіп, отау құратын шағы.

Мемлекетіміз бір тудың астына біріккен түрлі ұлт өкілдерін «қазақстандық ұлтқа» айналдырмақ болып, міне, ширек ғасыр бойына тырбанып келеді. Нәтижесі де жоқ емес. Шынымызды айталық, «қазақстандық» деген ұғымға үйренісіп қалдық, құлаққа сіңісті болып алды. Бұрынғыдай түрпідей тимейді.

Жоғарыдан түскен тапсырма, ақыр аяғы ақпаратқа, саясатқа айналып халықтың санасына біртіндеп болса да сіңісуде.  Солай емес пе? Сіз қалай ойлайсыз?

Соған қарамай өткен күнді аңсайтындар, КСРО-ны көксейтіндер бар екен арамызда. Мұның көрінісін күнделікті өмірден жиі байқауға болады.

[caption id="attachment_14904" align="alignright" width="300"]img_9300 Ресей-Қазақстан[/caption]

Ілгеріде айтқан, көлігіне КСРО деген жазуды жапсырып алатындардан бөлек, «Россия» немесе «СССР» деген жазу жазылған жейде, күртеше кигендерді де күнделікті өмірде жиі кездестіруге болады.  

Бұлардың миына кіріп шыққанымыз жоқ. Бірақ, бір нәрсені білеміз. Мұндайлар өзін ешқашан да қазақстандық санаған емес және жер басып,  асын ішіп, аяғын босатып отырған Қазақстанды отаны деп есептемейді.  

Сіз бұлар ақымақ деп ойлайсыз ба? Жоқ, әрине.  Әумесер де емес.  Анығы, олар мұндай әрекетке біліп барады. Біздің үндемейтінімізді біледі өйткені.  Себебі, басынған. Басқа шыққандары да бар... Олардың осы әрекетінен-ақ ойының қаншалықты бұзық, көзқарасының қаншалықты лас екенін бағамдайсың.

КСРО деген жазуды көлігіне, болмаса басқа жеріне жабыстырып алатындар, анығында, қазіргі Қазақстанды, оның тәуелсіздігін мойындағысы келмейді. Қарсыласар шарасы жоқ, ендеше осындай әрекеттер қоғам арасына іріткі салғысы келеді. Өздерін ендігі жерде келмеске кеткен өткен дәуірмен, болмаса қазіргі уақытта сол дәуірді қайта тірілткісі келіп отырған Ресеймен байланыстырады. Солай емес пе? Біз солай ойлаймыз.

Әйтпесе,  Тәуелсіздік алған 25 жылда КСРО-ны ұмытатындай болдық қой.  Оның қайтып келмесін мемлекетіміздің өзі әрекетімен-ақ дәлелдеуде емес пе?

[caption id="attachment_14905" align="alignleft" width="319"]10170784-ekho-ukrainy-chast-ukraincev-mechtayut- КСРО-ға оралу[/caption]

Айталық, Елбасымыздың «Мәңгілік ел» идеясының өзі егемендіктің мәңгілік боларын және ең бастысы азаттықтың тамырына балта шабылмасын аңғартып тұр ғой.

Анығында, Қазақстандағы татулық пен тұрақтылық қазаққа ғана емес, осы елде, осы жерде өмір сүретін өзге ұлттарға ғана керек. Бірақ, соны түсінбейтіндер бар...

Бір сөз бар: «ата-анаңды қалай жақсы көрсең, еліңді де солай сүй» дейді. Әдемі айтылған. Әлгіндей әрекетке барғандар Қазақстанды сүйеді және осы мемлекет үшін жан беруге дайын деп ойлайсыз ба? Әй, қайдам...

 Анығында, тәуелсіздіктің әрбір жаңа жылы бізді Қызыл империяға деген сағыныштан, жалпы орыс әлемінен алыстата түседі.  Енді 40-50 жыл өткесін қазіргі бала буын бүгінгідей әумесерлердің әрекеттеріне күле қарайтын болады. Лайым, солай болғай.

Жұмаш ШҮЙКЕНОВ,


«Қала мен Дала» газетінің тұрақты оқырманы


Рекомендовать
Последние новости