Мәсімовтің 1,6 млрд теңгелік зәулім үйі министрлікке берілді

Көркем Алдабергенова 05 сент. 2025 18:00

Қамауда отырған бұрынғы ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімовке тиесілі 1,6 млрд теңге тұратын зәулім үй республикалық меншікке өткізілді. Бұл туралы «Курсивке» «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» хабарлады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің бұйрығымен нысан Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығының» балансына бекітілді.

«Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» мәліметінше, шешім нысанның сипаттамалары мен әлеуметтік қолдау саласындағы мемлекеттік басымдықтарға байланысты қабылданған. Бұл жаңа құрылысқа бюджет қаржысын жұмсамауға және қайтарылған активті мемлекет пен қоғам мүддесіне тез арада пайдалануға мүмкіндік береді. Әңгіме дайын инфрақұрылымы бар тұрғын үй мен оған тиесілі жер учаскесі туралы болып отыр.

Бұған дейін бұл үйді Астананың коммуналдық меншігіне өткізіп, әлеуметтік мақсатта пайдалану қарастырылған. Алайда елордалық Білім басқармасы санитарлық нормаларға сәйкес келмейтінін айтып, бас тартқан.

«Курсивтің» жазуынша, зәулім үй алғашында 1,8 млрд теңгеге аукционға қойылған, бірақ сатып алушылар болмағандықтан сауда екі рет өтпей қалған. Кейін сәуір айында нысан қайта сатылымға шығарылды, алайда бұл жолы 282 млн теңгеге арзан – 1,6 млрд теңгеге бағаланды.

Еске салайық, Кәрім Мәсімов 2023 жылдың сәуірінде мемлекетке опасыздық жасау, билікті басып алуға тырысу және қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану айыптары бойынша 18 жылға сотталған. 2024 жылдың маусымында ол президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан кешірім сұрағанымен, бас тартылды. Сондай-ақ, Конституцияның 30 жылдығына байланысты жарияланған амнистияға да Мәсімов ілікпеді.


Рекомендовать
Последние новости