Мақтаралда ұлы ақынның өнегелі өмірі насихатталды

Dalanews 13 авг. 2017 09:12 1104

Қазақтың ұлы ақыны Абайдың 172 жылдығына орай Жетiсай қаласындағы "Абай" гүлзарында жиналған жұртшылық ақынның рухына тағзым етiп, ескерткiшiне гүл шоқтарын қойды. Ақынның өнегелі өмірінен сыр шертіліп, даналығы, рухани асыл мұралары насихатталып, өлеңдері, әсем әндері айтылған әдеби-сазды кешке аудан әкімінің орынбасары Мақсат Жолдасбеков, аудандық Ішкі саясат бөлімінің басшысы Пердеш Есенбеков және ауданның ақын-жазушылары қатысты. 

 



"Ахмет Байтұрсынов айтады: "Қазақта бұған дейін де, бұдан кейін де Абай Құнанбаевтай ұлы ақын бола қоймас" - деп. Ақындардың ішінде ең шоқтығы биік Абай атамыз десек артық айтқандық емес. Елбасымыз "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" мақаласында еліміздің ұлттық коды болуы керек, мықты ұлт болып ұйысу жолында ескірген әдеттерден арылып, ат төбеліндей қазақ бір-бірін "бауырым" деп сүю керектігі айтылған. Ал, дәл осы мәселені Абай атамыз жүздеген жыл бұрын өзінің қара сөздерінде, өлеңдерінде қозғап, қазақтың бойындағы кейбір керек емес мінездерден арылу керектігі туралы толғаныстарын жазған. Жаңа ғасырда, осындай бейбіт заманда өмір сүріп жатқан мына біздер Абай атамыздың өнегелі өсиеттерінен, еңбектерінен тәлім алып, нәтиже шығаратын кез жетті. Ең алдымен, ол үшін Мұхтар Әуезовтың "Абай жолы" эпопеясын әрбіріміз толық оқып шығуымыз керек. Романды оқыған кез келген адам "Нағыз қазақ қандай болуы керек?" деген сұраққа жауап таба алады. Сондықтан, "Абай жолын" оқыған адамның ең бірінші ниеті өзгереді, ниеті өзгерген соң ойы өзгереді, ойы өзгерген соң сөзі, іс-әрекеті өзгереді, сәйкесінше тағдыры - ұлтымыздың тағдыры жақсы жағына өзгере береді. Міне, осы бағытта рухани жаңғырып, ұлт болып ұйысып, Егеменді еліміздің болашағы үшін үлкен қадамдар жасауға тиістіміз!" - дейді Мақтарал ауданы әкімінің орынбасары Мақсат Жолдасбеков.

Айта кетейік, Абай Құнанбаев (1845-1904) — ақын, ағартушы, жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер, либералды білімді исламға таяна отырып, орыс және еуропа мәдениетімен жақындасу арқылы қазақ мәдениетін жаңартуды, жаңғыртуды көздеген реформатор. Абай ақындық шығармаларында қазақ халқының әлеуметтік, қоғамдық, моральдық мәселелерін арқау еткен. Ұлы ақын, ағартушы Абай музыка саласында да көптеген мұра қалдырды. Өзінің өлеңдерін, қара сөздерін қағазға түсіріп, кейінгі ұрпаққа жазып қалдырса, музыка жөнінде оның мұндай мүмкіншілігі болмады. Өйткені, Абай өмір сүрген кезеңде қазақта музыканың жазба мәдениеті жоқ еді, халықтық музыка ауыз дәстүрлік қалыпта сақталып отырды. Сондықтан, Абай әндері де қазақтың басқа халықтық ән-күйлері сияқты, ауыздан ауызға, заманнан заманға ауыса отырып жетті.

[caption id="attachment_29477" align="aligncenter" width="900"] SAMSUNG CSC[/caption]

 

Мақтарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости