Мақтаралда электронды қызметтің үлесі 55,2 %-ға жетті

Dalanews 17 мая 2018 03:49 793

Мақтарал ауданында мемлекеттік қызметтерді мерзімінде алуға, қағазбастылықтан арылтуға, қызмет көрсету үдерісін мейлінше оңтайландыруға, сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын себептер мен  тәуекелдерді төмендету мақсатында мемлекеттік қызметтерді электронды түрде алуды насихаттау бойынша жәрмеңке өтті.



Аудан әкімінің аппараты ақпараттандыру және мемлекеттік қызмет көрсету мониторингі бөлімінің ұйымдастыруымен өткен іс-шараға ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ОҚО бойынша департаментінің өкілдері, аудандық халыққа қызмет көрсету орталықтарының мамандары және мемлекеттік қызмет көрсететін аудандық дербес бөлімдердің жауапты мамандары қатысты.

Алдымен жәрмеңкеге қатысушыларға мемлекеттік қызметтерді электронды түрде алудың жолдары көрсетілген үгіт-насихаттық парақтар таратылды. Жиынды арнайы ашып берген аудан әкімінің орынбасары Мақсат Жолдасбеков Елбасының биылғы жылғы халыққа арнаған "Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері" атты Жолдауына сәйкес, Мақтарал ауданында цифрландыру, оның ішінде мемлекеттік қызметтерді электрондық нұсқада көрсету бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, бүгінгі жәрмеңке арқылы аудан тұрғындарына үйден шықпай-ақ электронды түрде мемлекеттік қызмет алудың жолдары көрсетілетінін айтты.

Мақтарал ауданында жыл басынан бері мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіліміне сәйкес 91 қызмет түрі бойынша 39317 қызмет көрсетілген болса, оның 21205-і баламалы негізде берілген. Одан бөлек, ауданда мемлекеттік қызметтің сапасын арттыру және "Egov" қызметін дамыту бойынша жалпы 40 насихаттау іс-шаралары ұйымдастырылып, түсіндіру жұмыстарына 133 891 адам қатыстырылған.

Ауданда электронды түрде көрсетілетін қызметтердің үлесін арттыру мақсатында 199583 тұрғынға брошюралар таратылған. Сондай-ақ, цифрлық қызметке көшу аясында "электрондық цифрлы қолтаңбалар алу" тақырыбында 4 жәрмеңке өткізіліп, 560 азамат қамтылған. "Egov"-ты насихаттау мақсатында аудан көлемінде 28 билборд орнатылған.

"E-gov" электронды үкімет веб-порталы арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің үлесін артыру мақсатында арнайы бейне-ролик әзірленіп, жергілікті "Санұр" телеарнасы арқылы күнделікті 1,30 минуттан 5 рет эфирге шығуда. Сонымен қатар, жалпы 192 мекемеде, оның ішінде аудан әкімдігінің 9 дербес бөлімдері мен оған бағынысты ұйымдарында және 24 әкімшілік бірліктерде "қызмет көрсету бұрыштамалары" ұйымдастырылған.

Айта кетейік, атқарылған ауқымды жұмыстардың нәтижесінде 21205 мемлекеттік қызмет баламалы негізде көрсетілген болса, тікелей 3262 (15,3 %), ХҚКО арқылы 6220 (29,3 %), электрондық түрде 11723 (55,2 %) қызмет көрсетілген. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.

Мақтарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 

https://dalanews.kz/35927

Рекомендовать
Последние новости