Мақтаарал ауданында 600 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді

Dalanews 25 дек. 2018 02:32 915

Бүгін Жаңа жыл қарсаңында Мақтаарал ауданында 600 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Бұған дейін 3 ауысыммен оқып келген Иіржар ауылдық округі Диқан ауылындағы Қажымұқан атындағы жалпы орта мектебінің оқушылары жаңа ғимараттың арқасында 1 ғана ауысымда оқу мүмкіндігіне ие болды.

Жаңа нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Бақыт Асанов қатысып, ауыл тұрғындары мен мектеп ұжымын, оқушыларды құттықтады.

– Қажымұқан атындағы жаңа мектепті қосқанда биыл ауданымызда жалпы саны 5 мектепті ел игілігіне беріп отырмыз. Ауданымыздағы 3 ауысыммен оқитын жалғыз мектепке ғимарат салып беру арқылы Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында айтылған 3 ауысыммен оқитын мектептердің қатарын болдырмау жөніндегі тапсырмасын орындадық. Қазіргі таңда ауданда 2 мектептің құрылысы жүріп жатса, тағы 5 мектептің құрылысы басталғалы тұр. Біздің ендігі міндетіміз –  жыл сайын 5-6 мектеп салу арқылы 2 ауысыммен оқитын мектептердің де санын азайту болып тұр, – деді Бақыт Насырханұлы.

Жалпы Қажымұқан атындағы жалпы орта мектептің негізі 1966 жылы қаланған. Мектепте 587 оқушы және мектеп алды даярлық тобында 45 бала тәрбиеленеді. Құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілген ғимаратты тұрғызу үшін құны 1,1 млрд теңге қаржы республикалық бюджеттен жұмсалған.

Мектепте физика, химия, информатика кабинеттері, мультимедиялық және лингафондық кабинеттер соңғы үлгідегі технологиялармен және компьютерлермен жабдықталып, оқушылардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ, түрлі спорттық, өнер және қолөнер т.б. үйірмелердің ашылуына мүмкіндік туып отыр.

Айта кетейік, жаңа мектептің арқасында қосымша тағы 15 жұмыс орны ашылған.

 

Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі 

 

Рекомендовать
Последние новости