Күнестегі ұлттық мұражай

Dalanews 03 дек. 2015 11:00 1334

Қытайдың Іле облысы Күнес ауданы жер көлеміне қарай есептегенде дүниежүзі бойынша қазақ ең көп шоғырланған киелі мекеннің бірі. Бейресми деректерде 200 мың, ресми деректерде 150 мың қазақ тұрады деген ақпарат бар. Жуырда «кір жуып, кіндік кескен» өлкеге жолымыз түскен еді. Әр жолы барған сайын жылт еткен жаңалығына қуанып, көз сүйіндірер табиғатына тамсанып қайтамыз. Әр жолы көңілге кірбің түсірер жағдаяттарды көргенде, «көзіміз алды буланып», мұңайып та қайтамыз. Бұл жолғы сапарымызда аудандық қазақ 1- орта мектебі ішінен ұлттық мұражай ашылады деген жақсы жаңалықты елден естіп, солай қарай дедектедік. Қазақы салт-дәстүрге берік, ұлттық нақышқа бай өмір мәнерін ұстанатын елдің ортасы ұлттық этнографиямыздың қайнар бұлағы екені анық. Оны сақтау, елге таныстыру заман талабы. Біз мұражай жетекшісі Ыбырай Жұмақадырұлымен орайлы сәтті пайдаланып, аз-кем әңгімелескен едік.

[caption id="attachment_12624" align="alignright" width="714"]_DSC0013 Көне тұлып, дасы, және басқа бұйымдар[/caption]

Күнес аудандық 1-орта мектеп ішінен қазақы этнографиялық салт –саналық мұражайды ашу қалай ойларыңызға келді? Әлде заман талабы осылай ма?

– Бағзы заманнан бері баһадүр бабаларымыздың шұрайлы өлкесі, құтты қонысы болып келген, Жетісудың Шығыс атырабын түгел қамтыған Іле алқабы – қазақтың Найман атадан тарайтын Қызай руының базарлы ортасы. Жыр сәйгүлігі, аты алты алашқа мәлім Таңжарық Жолдыұлы, дәулескер күйші, өнерін күллі Қытай мойындаған Әшім Дүңшіұлы секілді сайыпқырандарды түлеткен өлке осы – Күнес. «Ел іші – алтын кеніші» емес пе?! Бабаларымыздан ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып қалған, талай асыл дүниелер қазақ ұлтының мәйекті мәдениет белгісіндей көзге ұрып ақ тұр. Ата-бабаларымыз көшіп-қонып, тау асып, тас басып жүрсе де,осыншама ұшан-теңіз дүниені ұрпағына жалғағанына қайран қалмай тұра алмайсың. Оның өзі көненің көзі, дананың сөзі ретінде бүгінгі ұрпақтың санасын сергітіп,ойын қуаттандырып, өмір жолына шырағдан болары сөзсіз ғой. Сондықтан да Күнес аумағының қара шаңырағы іспетті Күнес аудандық 1-орта мектепті негіз етіп, қазаққа тән қасиетті ұрпаққа дарыту– біз сияқты ұстаздардың азаматтық борышы. Сол мақсатпен асыл мұраларды жиып, мұнда білім нәрінен сусындап жатқан 3000 оқушыға өнеге болсын деген ниетпен осы мұражайды аштық. Сондай-ақ, бүгінгі ұрпақ ана тілінен ажырап, өзге тілде сөйлеуге үйірсек болып барады. Көп ұрпағымыз ханзу (қытай, - ред.) тілінде сауат ашатындықтан, өзінің тілін, дінін, салт-санасын, тарихын, табиғатын танымай, өз тамырынан жырақтап барады. Ұрпақтың ертеңгі қараңғы тірлігінен алаңдағандықтан да осындай мұражай жасап, сол арқылы болса да ауық-ауық жүрек тітіркендіру амалын жасап отырғандаймын.
 Елімнің елдігі, халқымның хандығы құламасын деп жар құлағы жастыққа тимейтін, жүрегі таза наркөңіл жандар баршылық. Қазақтың арғы-бергі асыл мұралары да, әне сондай адамдардың қолында жарқырап сақталуда.

– Байқауға қарағанда, мұражайдағы бұйымдардың көбісі қолданыстан қалып бара жатқан дүниелер екен. Ендігі ұрпақтың көңілінен орын алуы мүмкін деп ойлайсыз ба?

[caption id="attachment_12625" align="alignright" width="699"]_DSC0402 Мұражайдағы зерленген ескі кимешек[/caption]

– Дұрыс айтасың, мынау айхай өмірдің сұлулығын кейбір жақсы адамдар ғана сақтап тұрған сияқты. Елімнің елдігі, халқымның хандығы құламасын деп жар құлағы жастыққа тимейтін, жүрегі таза наркөңіл жандар баршылық. Қазақтың арғы-бергі асыл мұралары да, әне сондай адамдардың қолында жарқырап сақталуда. Ал қалған қадірінің қашқанын емес, қарынның тойғанын бақыт санайтын тоғышарлар ұлтына тән қандай асыл қазына сақтай алсын?!

Мұражайды үш үлкен мазмұнда орналастырдық.

Бірінші бөлімде жазба материалдар: мұнда көрермендер қазақтың ғұн, сақ, үйсін сынды байырғы ұлыстардан бері қарайғы халқына мәлім ұғымдармен таныса алады. Сол кездегі жазба мұралардың көшірмелері, шежірелер, батырлардың өнегелі өмірі, шешендердің өсиетті сөздері осында рет-ретімен, мазмұн-мәніне қарай жиналған.

[caption id="attachment_12631" align="alignright" width="800"]_DSC0395 Күміс ер[/caption]

Екінші бөлімде суреттік-альбомдық нұсқалар топтастырылған: мұнда көптеген асыл мұралар, қазба қалдықтар, салт-дәстүрге қатысты суреттермен бейнеленген. Бұл бөлімнен осы өңірдің ғана емес, өзге аймақтың, тұтас қазақтың тарихи дүниелерін де кезіктіре аласыз.

Үшінші бөлімде көрсетпелі бұйымдар жинақталған: мұнда ел ішінде қолданыстан қалып бара жатқан көне бұйымдар қойылды.

Олардың қатарында тарихы бірнеше ғасырға кететін ескі заттар, ат әбзелдері, қару-жарақтар, күнделікті өмірде қолданылған құрал-саймандар, үй жиһаздары, ою-өрнекпен көмкерілген қолөнер бұйымдары, біз бұл күндері сән орталықтарынан көретін әсем де көркем жобаланған ескі киімдер, бәрі-бәрі бар.
Ал ұрпақтың қабылдау жағына келсек, жүрегінде жылуы бар ұрпақ, әрине, жүрегінің жасы тамшылап қарсы алады. Ұлтының ұлағатын, халқының қадыр-қасиетін қашан да бәске тігетіндер мұражайды аралату былай тұрсын, сол арада сабақ беріп, сонда түнесек те қазаққа тән қасиеттер түсіне де кірмей тұрып келе жатады. Қуанарлығы – мұндай тобырлардың саны көп емес.

Мұражайдың қоры әлі де толыға түсуде. Әрине, аз уақыт ішінде бәрін толықтай жиып біттік деу қиын.

Ал ұрпақтың қабылдау жағына келсек, жүрегінде жылуы бар ұрпақ, әрине, жүрегінің жасы тамшылап қарсы алады. Ұлтының ұлағатын, халқының қадыр-қасиетін қашан да бәске тігетіндер мұражайды аралату былай тұрсын, сол арада сабақ беріп, сонда түнесек те қазаққа тән қасиеттер түсіне де кірмей тұрып келе жатады. Қуанарлығы – мұндай тобырлардың саны көп емес.

[caption id="attachment_12627" align="alignright" width="754"]_DSC0390 Ат әбзелдері[/caption]

Осыншама көп ұлттық бояуы күшті керемет дүниелерді мұражайға әкелу қаншалық қиындықтар туғызды?

– «Кісі қолындағының – кілті аспанда» деген сөз бар ғой. Ұрпағымызды ұғымды етіп тәрбиелеу жолындағы игілікті іс деп түсініп, қуана қарсы алғандар да бар, бақадай тырбиып, жанына жолатпағандар да бар. Әуелі ұрпағы біздің мектепте білім алып жатса да, ол жағына бас қатырып қоймайды. Мұраларды жинау үшін Шыңжаң өлкесінің қазақ қоныстанған аудан-ауылдарын тінтіп шыққындай болдық. Теңізден тебен іздегендей болсақ та, көп жаманнан көңіліміз қалса да қазақтың намысын тіктеу жолында аянбай іске кірісу – біз үшін бақыт. Себебі, адам баласының қиын күндері ғана есінде қалады. Жай күндер жадыңда көп сақталмайды. Одан сырт қаржы жағынан біраз қиналдық. Мұражай ашу ісін бекіту үшін талай емен есікті тоздырғанымызды былайғы жұрт жақсы түсінер.

[caption id="attachment_12628" align="alignright" width="735"]_DSC0386 1951 жылы жасалған ағаш ер мен күмістелген қызай ер[/caption]

– Егер осы мұражайдағы болсын, не ел арасындағы аздаған адамдардың қолданысында жүрген, тек қазаққа тән дүниелерді қолданысқа кіріктіруге бола ма?

– Менің ойымша, ең әуелі ел ішіндегі ұлттық бояуы күшті, қымбат бұйымдарымызды өз табиғат, бітімін өзгертпей жасай алатын шеберлердің басын қосып, шеберхана не коллективтік өндіру базасын құру керек. Яки, жаңа текникаға сүйеніп,өндіретін аспаптар тапқырлап, патент құқығын алып, заңды маркамен базарға салар болса, әрине, нұр үстіне нұр болар еді. Ол үшін шеберлік, батылдық, қаржы, жасампаздық қажет. Басқа ұлттарда шектеусіз қолданатындай қолайлы жағын ойластырып базарға салғанда, ұлт капиталының қалыптасуына түрткі болумен қатар, өнеріміз бен мәдениетімізді әлемдік өреден көруге болар еді.

Оқушылардың ішінде осы жағында ойланып жүрген қазақтың болашақ тапқырлары бар ма?

– Әрине, бар. «Ат құлыннан өседі» ғой. Бүгінгі ұрпақ ертеңгі елдің тізгінін ұстаушылар. Кеудемізге үміт ұялатып, көз қуанышымызға айналып жүрген азаматтарымыз қазір жоғары білім орындарында да, мектебімізде де оқып жатыр. Мысалға айтар болсақ, физика саласынан топ жарып атом жасауға қызығатын, қазақ ұлттық ойындарының электронды жұмсақ деталын жасауға белшеше кіріскен, қазірден бастап бірлесіп қаржы жинап, серіктік құрып, болашақта ұлттық өнімдерді маркасымен базарға салуға ұмтылыс жасап жатқандар, ғажайып құрылыстарды жобалап, еліне үлес қосқысы келетіндер көп. Лайым, оянған жастарымыздың сапарын оң қыла көрсін деген ыстық тілегімді айтқым келеді.

_DSC0304Салт-дәстүріміздің көзіндей болған осындай құнды дүниелердің болашақ ұрпақты тәрбиелеуде қандай рөлі бар?

– Өз бітім-болмысын танып, тарихына тамыр бойлата алмаған ұрпақ қанша жерден ғалым болса да, сатқындыққа бейім жұмыс жасайды. Ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу әрбір ата-ананың ұлтына қосқан қалтықсыз үлесі болмақ. Ал салт-дәстүрмен суарылған ұрпақ азғантай өнері болса еліне көрсеткісі, халқымен бөліскісі келеді. Қазіргі ұрпақтардың беталысы елінің ертеңіне үңілген азаматтардың көкірегіне үрей де, үміт те сыйлап жүр. Үрей болатыны: олардың тәрбиесі, көзқарасы, мінезі алабөтен, ұлтына жатырқай қарайды. Қазақша сөйлеуді ар көреді. Елдің ертеңгі тірлігі, ұлтының намысы олар үшін биікке шығаратын баспалдақ қана, таптап жүре береді. Әке мен баланың ортасына тілмаш керек болар күн таяп келеді. Сондықтан да мұражай оқушыларды ең әуелі ұлтының өткеніне үңілтіп, өнегесіне тәнті етіп, бірте-бірте сүйіспеншілік орнатып, одан әрі өзі үлес қосатын шынайы рухын жетілдіруде таптырмайтын тәрбие базасы болмақ. Өкініштісі, бара-бара өзімізді мұражайдан, құрып-жоғалуға айналған бұйымдар қатарынан көру ді маңдайымызға жазама деген үрей үдеп келеді...
Басқа емес, ұрпақ санасын ағартумен шұғылданып жүрген ішінара оқытушыларымыздың өзі танауын көкке көтеріп: «Мынауы несі-ей, бес тал терісімен қазақ болып кете ме?!»,-деп қыжыртқандары жанымды мұздатты. Кейбір басшылықта жүргендер жобаңды, ойыңды өзгертіп, өз салтанатынан жұрдай қылғысы келеді. Қызметін бұлдап, «бас ауыртып не қылады?» деп мұрнын шүйіре қарағандар да кезікті. Көкбөрінің суретін көтеріп жүрсең: «Ит құсап ұлып жүрсіңдер ме?» деп, тамағына күлкі тығылғандар да табылды.

Ұлттық мұражайды ашу барысында дүйім жұртқа айта алмаған, тек өз ішіңізде қалған қандай жайттар болды?

– Басқа емес, ұрпақ санасын ағартумен шұғылданып жүрген ішінара оқытушыларымыздың өзі танауын көкке көтеріп: «Мынауы несі-ей, бес тал терісімен қазақ болып кете ме?!»,-деп қыжыртқандары жанымды мұздатты. Кейбір басшылықта жүргендер жобаңды, ойыңды өзгертіп, өз салтанатынан жұрдай қылғысы келеді. Қызметін бұлдап, «бас ауыртып не қылады?» деп мұрнын шүйіре қарағандар да кезікті. Көкбөрінің суретін көтеріп жүрсең: «Ит құсап ұлып жүрсіңдер ме?» деп, тамағына күлкі тығылғандар да табылды. Осының бәрін ойлап отырсаң, әділетсіздіктің көкесі үлкендер де жатқандай қасіреттене түсесің. Дүниеге көзін енді ашып келе жатқан жас ұрпақта не кінә бар?! Жас өркенді күнаға батыратын өзіміз. Десе де , келер күннен күтер үмітім зор.

Ағынан ақтарылған әңгімеңізге көп рахмет, аға! Сау-саламат болыңыз!

– Өзіңе де рахмет! Елге сәлем айт!

Сұхбаттасқан Алаш ТҰРСЫНӘЛІ.


 

Рекомендовать
Последние новости