Журналист Лукашенконы батпаққа батқан сиырға теңеді

Dalanews 19 июл. 2021 04:49 985

Күріш деген ала жаздай суда тұрып өсетін дақыл. Сол себепті күріштік жер қашан көрсең ми батпақ. Дақыл бас алған соң оған мал үйір. Оны тоя жеген малдың қарны жарылып, бір-ақ сәтте теңкиіп қалатыны бар. Әсіресе сиыр бейшара жарылып өлгеннен бұрын, көп жағдайда батпаққа батып құриды.

Оның батпаққа батқаны да қызық. Әуелі күріш басын тілімен орап күйсеп жүріп тізесіне дейін су кешіп кеткенін байқамайды. Өйткені мұндай дәмді қоректі бұрын жеп көрмеген. Сондықтан көзі алақтап, жалмап, жайпай береді.

Сөйтіп жүріп бауырына дейін ұйыққа кіріп кеткенін кеш байқайды. Байқаған бетте батпақтан шықпақ боп, жанталаса бастайды. Оның осы жанталасқаны өзінің соры. Жанталасқан сайын тереңге шым-шымдап ене бетеді, ене береді.

Егер осы кез там-тырыс тұра қалса, батпас еді, адамдар келіп құтқарып алар еді. Бірақ сиыр сорлының оған жетер ақылы кәне. Өзінің әрекеті өзінің басын жалмап жұтады.

Биліктің ұшар басында жүргендердің де халі батпаққа батқан сол сиырдан аумайды.

Билікке басын сұққандардың аман шығуы қиын. Шығар еді, орнын беріп, тыныш қана кетер еді, бірақ кете алмайды. Кете алмайтыны сол, ертеңіне-ақ дар ағашының алдында тұратынын жақсы біледі. Өйткені билігін сақтап қалу үшін қарсыласына қылмағаны қалмаған.

Біреуге тырнағы батқан, енді біреуді тепкіге алған. Мыжып өткен, таптаған. Тірі қалғандары қарсы шыққанда басын қорғап әрекет еткен. Әрекет еткен сайын әлгі сиыр сияқты батпаққа бата берген. Осылайша жылдар бойғы жанталасқан әрекеті өз басына пәле болып үйіліп қалған. Қара батпақтан шыға алмайтындай жағдайға жеткен.

Биліктен дер кезінде кетіп қалмаған адамның көретіні осы. Дер кезінде кете алмаудың өзі қасірет.

Осы күндері елдің елеңдеп тыңдайтыны Лукаш туралы әңгіме болса, оның кейінгі кездегі әрекеттері батпаққа батқан әлгі сиырдың жанталасына ұқсайды. Бұдан бұрын мемлекет басшысын орнынан тайдырып көрмеген халыққа бұның бәрі тың жаңалық. Президентті де орнынан жұлып алып тастауға болатынына халықтың көзі жетіп келеді. Мұқаңның талмай айтып жүргені де осы ғой.

Лукаш трагедиялық тұлға. Тек ол ғана ма, бәрі солай. Оның ішінде ТМД елдерінің басшылары бір ізбен, бір үлгімен келеді. Келуін қайдам, кетуі ұқсас. Халықтан алғыс алып жатқан біреуі көрінбейді.

«Жібекті түте алмаған жүн етеді» демекші, бұлар билікті демократияға емес, қара батпаққа айналдырып алған. «Дүниенің басы сайран, аяғы ойран» деген сөз де осыған келіп тұр.

Дәл қазір Лукаштың аузынан не сөз шықса, сол сөзі басына пәле болып жатыр. Батпаққа батып өлетін сиырдың халі түсіп тұр басына.

Бұдан ешкім құтыла алмайды. Барлығы да батпаққа батқан сиырдың кебін киіп тынады.

Нұрлыбек САМАТҰЛЫ

Рекомендовать
Последние новости