Жұмыс берушіні қолдап, жұмысшыны үймен қамтиды: Отбасы банк кәсіпкерлерді серіктестікке шақырды

Dalanews.kz 19 сент. 2025 16:17

Отбасы банк биыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» екенін ескере келе, кезекті рет баспаналы болуға көмектесетін форум өткізді. Бұл іс-шара – «Forum 360: командаға қамқорлық – табысты инвестиция» деп аталады. Оны өткізудегі мақсат – кәсіпкерлерге банк өнімдерінің басты артықшылықтарын түсіндіріп, халықтың баспаналы болуына жәрдемдесу.

Бағдарламаға кімдер қатыса алады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмысшылардың еңбегін бағалауға шақырған соң Отбасы банк те еңбек адамдарына қарай маңызды қадам жасаған. Қазақстанда алғаш рет «Наурыз жұмыскер» атты жаңа бағыт іске қосылған. Соның арқасында жұмысшы мамандық иелері өзінің тұрғын үй жағдайын жақсартып, әлеуметтік тұрақтылық пен болашаққа сенімін нығайтып жатыр.

Отбасы банк басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова осы бағдарлама шеңберінде өтінімдер 2025 жылдың 17 наурызынан бастап қабылдана бастағанын айтты. Оның сөзінше, «Наурыз жұмыскер» бағытына өнеркәсіп, құрылыс, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы, су ресурстары және ирригация саласындағы жұмысшы мамандық өкілдері қатыса алады. Жаңа бастама Қазақстандағы 8 230 жұмысшы мамандықты қамтыған. Оларға берілген қарыздың жалпы көлемі – 46,1 млрд теңге. Сондай-ақ 457 өтінім рәсімделу сатысында тұр, олардың сомасы 13,1 млрд теңгені құрайды.

«Наурыз жұмыскер» жобасы байқау өткізбей және қатысушыларды іріктемей іске асырылады. Несиеге өтінімдерді банк филиалдарының қызметкерлері қабылдайды. Өтініш беру үшін банк бекіткен үлгі бойынша жұмыс орнынан анықтама әкелу қажет. Бұл үлгіні банктің ресми сайтынан табуға болады», – дейді Ләззат Ибрагимова.

«Корпоративтік» өнімнің басымдығы неде

Отбасы банкте жұмысшы кадрларды әлеуметтік қолдаудың тағы бір тиімді тетігі бар. Ол – «Корпоративтік» өнім. Бұл бағдарлама шамамен 500  зауыт жұмысшыларына, энергетиктерге, кеншілерге, металлургтерге, мұнайшыларға, медицина қызметкерлеріне жұмыс берушісі мен Отбасы банкінің қолдауымен қоныс тойын тойлауға мүмкіндік берген. Оның тетігі мынадай: компания немесе кәсіпорын қаржы бөледі. Қаржы тарту мөлшерлемесі – 0,01%-дан бастап, мерзімі – 8 жылға дейін. Осы қаражат есебінен Отбасы банк кәсіпорын қызметкерлеріне 5%-дан (ЖТСМ – 5,2%-5,3%) басталатын мөлшерлемемен несие береді. «Корпоративтік» өнім 2019 жылы іске қосылған. Сол уақыттан бері бұл тиімді құралды 25 кәсіпорын мен компания пайдаланған.

Аталған өнім арқылы серіктестік жасаудың үшін негізгі үш жол бар: біріншіден, компания немесе кәсіпорын банкке ақша бөледі (несие немесе облигациялық несие түрінде), осы қаражат арқылы қызметкерлерге қолжетімді несие беріледі. Екіншіден, ұйым қайтарылатын немесе қайтарылмайтын несие түрінде өз қызметкерлеріне аралық несиені алу үшін бастапқы жарна қаражатын береді. Үшінші жол - сатып алу құқығымен жалдау. Кәсіпорын өз қызметкерлеріне дайын пәтер ұсынады. Қызметкер пәтерге жайғасыр, кейін несие алу үшін «Отбасы» банкіндегі депозитке бастапқы жарна жинайды.

«Астана Тазалық» мекемесінің өкілі Сымбат Какимова өзі жұмыс істейтін мекеме жұмысшыларына баспананың бағасының 50 пайызын (ешқандай пайыз қоспайды) жауып беруге көмектесетінін айтады. Соның арқасында Сымбат Отбасы банктің арқасында үйге қол жеткізген.

«Баспана бағасының қалған 50 пайызын Отбасы банк 50/50 бағдарламасымен ипотека ретінде береді. Біздің мекемеде 1300 адам жұмыс істейді. Біз биыл енді ғана бастап жатырмыз. Қызметкерлеріміз банкке жүгінгенде олардың төлем қабілеттілігі тексеріледі», – дейді Сымбат Какимова.

Отбасы банк осындай өнімдерін ұсынып, кәсіпкерлерді серіктестікке шақырып отыр.


Рекомендовать
Последние новости