Жетісулықтардың 54%-ы көгілдір отынды тұтынады

Dalanews 03 мар. 2022 05:49 1220

Алматы облысында 1,3 миллион адамның табиғи газ пайдалануына жағдай жасау үшін бөлінген қаржы көлемінің ауқымдылығына қарамастан бүгінгі күні іс жүзінде газды облыстың 702 мыңнан астам тұрғыны немесе 54% пайдаланып отыр. «Яғни елді мекендерді газдандыру мен халықтың тұрмыс сапасын жақсарту бағытындағы негізгі мақсатқа қол жеткізілмеген», - деді облыс әкімі Қанат Бозымбаев газдандыру туралы өткен жиында.
"ЖетісуОблГаз" ЖШС бас директоры Зияш Қияқбаевтың айтуынша, Алматы облысындағы 742 елді мекеннің 473-і газдандыруға жатады. Соның 164-іне газ жеткізілген, 2021 жылдың соңында облыс тұрғындарының 63,5%-нің газға қосылуына мүмкіндік жасалды. Жалпы оң динамика бар болғанына қарамастан 2017 жылдың мамырынан 2022 жылдың қаңтарына дейін облыс орталығында 30 мыңнан астам абонент немесе 55,3% тұрғын газға қосылған. Бұл қатарда Іле, Талғар, Жамбыл, Қарасай, Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Балқаш аудандарындағы 14 елді мекенде бар. Дегенмен жақсы жаңалықтар да бар. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша газға облыстың 33 елді мекені қосылып, 78 мың адам газдың игілігін көреді деп жоспарланған. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде жалпы құны 4,1 млрд.теңге болатын 5 жоба жүзеге асты. Олар Кербұлақ ауданы Сарыөзек ауылын, Талғар ауданы Жалғамыс, Ақтас, Ақдала ауылдарын, Балқаш ауданы Бақанас ауылын қамтыды.
Жиында, облыс әкімі Қанат Бозымбаев аудан әкімдіктері мен инвесторларды бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Қанат Бозымбаев
- Талғар ауданы Кіші Байсерке ауылының тұрғындарының инвесторлар жұмысына көңілі толмайды. Мәселе неден туындап отыр? Бұл жерде инвесторлардың есебінен жүргізілген жүйелер жарамды ма, жоқ па, бар болғаны соны анықтау керек. Егер жарамды болса, оны жобаға енгізіп, пайдалану керек. Жарамсыз болса, инвесторлар өз қаржысына жұмсап, тартылған жүйені алып тастасын, оған қоса соттың шешімі де бар. Шара қабылдауды ұзаққа созбаңыздар, ширақ қимылдаңыздар. Газға қосылу құнын аспандатпай, қолжетімді етуіміз керек. Инвесторлар есебінен газдандырудың тиісті ережесін дайындауымыз керек. Бізге инвестицияға тартымды, орынды жүйе қажет. Біз бюджет есебінен газдандыруды жалғастырамыз, мүмкіндік болса инвесторларды тартамыз, - деді Қ.Бозымбаев.
Сондай-ақ, өңір басшысы газдандыру баяу жүріп жатқан Ұйғыр, Еңбекшіқазақ аудандарындағы омы жұмысты ерекше бақылауға алу қажеттігін айтты.
Жалпы 2014-2020 жж. Алматы облысында газдандыру саласына 101,1 млрд.теңге бөлінген, соның 74,1 млрд.теңгесі - бюджет қаржысы, 12,5 млрд. теңгесі - «ҚазТрансГаз» АҚ қаражаты, 14,5 млрд. теңгесі - жеке инвестиция.

Рекомендовать
Последние новости