Қазақстанда білім беру саласындағы ең ірі әрі ауқымды бастамалардың бірі – «Келешек мектептері» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба аясында заманауи, сапалы әрі жайлы білім беру кеңістіктері бой көтеріп, қала мен ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығын жоюға бағытталған нақты қадамдар жасалуда,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Келешек мектептері» жобасы 2023 жылы басталған болатын. Екі жыл ішінде республика бойынша 217 жаңа мектеп салу жоспарланған. Оның ішінде:
-
2024 жылдың қорытындысы бойынша – 105 мектеп салынды;
-
2025 жылдың соңына дейін – тағы 112 мектеп пайдалануға беріледі;
-
Нәтижесінде қосымша 460 мың оқушы орны ашылады.
Мектептердің жартысынан астамы ауылдық өңірлерде орналасқан. Бұл – 200 мыңнан астам ауыл баласының заманауи инфрақұрылымы бар мектептерде оқуына мүмкіндік береді.
Келешек мектебінің ерекшелігі неде?
Жаңа мектептер тек ғимарат қана емес, білім берудің жаңа моделіне негізделген орталықтар болмақ. Жоба аясындағы білім ошақтарының артықшылықтары:
-
Мектеп аумағы бұрынғы типтік жобалардан 15–20%-ға кең;
-
Техникалық жабдықталуы 4 есеге артық;
-
Әр мектепте робототехника кабинеттері, STEM-зертханалар, хореография залдары, коворкинг аймақтары мен төрт спорт залға дейін қарастырылған;
-
Бастауыш және жоғары сыныптар үшін жеке блоктар қарастырылған;
-
Барлық нысандар қауіпсіздік талаптарына сай жабдықталып, заманауи жиһазбен толықтырылған.
"Мен осы мектепте оқитыныма өте қуаныштымын. Мектебіміз үлкен, жарық және таза. Әсіресе, кітапхана мен IT кабинеті қатты ұнайды. Үзіліс кезінде достарыммен коворкинг аймағында отырамыз. Жазда да мектеп бос тұрмайды – робототехника үйірмесіне қатысып жүрмін. Мұнда оқыған өте қызық әрі ыңғайлы", - дейді 6-сынып оқушысы Айару Әбілқасым.
Мейрамбек Қанатұлы, ата-ана:
"Қызым №32 мектептің 3-сыныбында оқиды. Бұл – жаңа форматтағы, нағыз заманауи білім ордасы. Сыныптар кең, жарық әрі баланың ой-өрісін дамытуға қажетті құралдармен жабдықталған. Мұғалімдер де білікті, баламен жұмыс істеуде ерекше тәсіл қолданады. Ата-ана ретінде біз де мектеппен тығыз байланыстамыз. Мұндай мектептердің саны көбейсе, еліміздің болашағы жарқын болатынына сенемін".
Жас мамандарға жол ашық
«Келешек мектептері» жобасы аясында жас педагогтерді қолдауға да ерекше назар аударылып отыр. ҚР Оқу-ағарту министрінің 2025 жылғы 31 наурыздағы №57 бұйрығына сәйкес, жас мамандар enbek.kz платформасы арқылы конкурс негізінде жұмысқа қабылданады.
Әр мектепте тәлімгерлік және бейімделу бағдарламалары енгізіліп, жаңадан келген мұғалімге тәжірибелі ұстаз бағыт-бағдар береді.
«Жас мамандарды қолдау – ел болашағына салынған инвестиция. Бұл – жай ғана мектеп емес, білімді ұрпақтың, сенімді ұстаздардың негізі қаланатын орда», – деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.
Қала мен ауыл арасындағы алшақтық жойылады
Жоба аясында ауыл мен қала арасындағы білім сапасының теңдігі қамтамасыз етілуде. Бұрын сапалы инфрақұрылым тек қалалық мектептердің еншісінде болса, енді ауыл балалары да бірдей мүмкіндіктерге ие бола алады.
«Бұл – жайлы ғимараттар салу ғана емес. Бұл – келешекті қалыптастыратын, ұлттың интеллектуалдық іргетасын қалайтын маңызды бастама», – деді министр.
«Келешек мектептері» жобасы – Қазақстанның білім беру саласын жаңғырту жолындағы батыл әрі нақты қадам. Жаңа форматтағы мектептер жас ұрпаққа сапалы білім алуға, ал мұғалімдерге кәсіби ортада дамуға мүмкіндік береді. Бұл – білімге деген бетбұрыстың нақты белгісі.