Жас шығыстанушылар бас қосты

Dalanews 12 мая 2016 02:23 901

Наурыз айының 29 жұлдызында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Шығыстану факультетінде қытайтану кафедрасының ұйымдастыруымен  «шығыстану» мамандығы бойынша республикалық олимпиада өткен болатын. Бұл олимпиадаға дәстүрлі түрде ҚазҰУ, Лев Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университеті және Абылай Хан атындағы Халықаралық Қатынастар және Әлем Тілдері университетенің мықтылары бақ сынасып қатысқан еді.

Жоғарыда аталған оқу ордалары жас шығыстанушыларды даярлауда ең үздік орталықтар екені барлығымызға мәлім. Байқау екі кезеңнен тұрды:1-кезең - Қытай тарихын және мәдениетін қамтыған, сондай-ақ қытай тіліне байланысты сұрақтардан құралған тест және белгіленген тақырып бойынша эссе жазу болса; 2-кезең – Қытайдағы белгілі бір мәселені алып, әділ-қазылар алдында сол жобаны қорғау. Жалпы алғанда, олимпиадаға 2-4 курстар аралығындағы 30-ға жуық студент қатысқан болса, екінші кезеңге 10 адам жолдама алған болатын. Осылайша, екі кезең қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталған. Айта кететін жайт студенттерге баға беріп, байқаудың әділ өтуіне атсалысқан төрешілер - қытай тілінің білгір мамандары және ҚазҰУ жанындағы Конфуций Институтының ұстаздары (ҚХР азаматтары). Әділ-қазылардың шешімі бойынша, екі кезеңді де қорытындылай келе жеңімпаздардың есімі белгілі болды, 1-орынды ҚазҰУ студенті Бейбіт Айдар иеленсе, 2-орынды ЕҰУ студенті Саханов Абай және ҚазҰУ-дың 2-курс студенті Мурзагельдина Лаура қанжығаларына байласа, 3-орын ҚазҰУ студенті Кабесова Молдірге тиесілі болды. Марапаттау рәсімінде жеңімпаздарға Қытай Халық Республикасының Алматыдағы Бас Консулдығының тағайындаған гранттары табысталды, ең кереметі студенттер өздері қалаған Қытайдағы кез-келген университетті таңдауға құқылы. Әрине, жеңімпаздардың қуанышында шек болмады, бас консулға ризашылықтарын білдірді.

Әлемдегі ең қиын тілдердің бірі болып табылатын, оқуда қажырлы еңбек пен маңдай терді талап ететін қытай тілін бағындырар жастар саны елімізде күн санап артуда, аталмыш тілдің болашағы зор екені де айдан анық, сондықтан болар қазіргі таңда Қытайды зерттеу орталықтары  мен сол зерттеумен айналысуға құштар студенттер аз емес. Сол студенттердің ішінде ҚазҰУ-дың, шығыстану факультетінің болашақ шығыстанушыларының орны ерекше және болашағы жарқын. Еңбегіміз әлі жемісін табады деген сенімдеміз!

Диана Скатова,           


Шығыстану факультетінің 3-курс студенті.


Нұртәліп Шарыпқазы ,


Шығыстану факультетінің оқытушысы.


Рекомендовать
Последние новости