Жандарбек Бекшин: «Бетперде режимін сақтап, оны жиі ауыстыру қажет»

Dalanews 12 июл. 2021 13:44 885

Алматыда КВИ ауруының таралуы жалғасуда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында қаланың Бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин хабарлады, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жандарбек Бекшиннің айтуынша, өткен тәулікте Алматыда қауіпті індетті жұқтырған 638 жаңа жағдай тіркелді. Бұл – биылғы жаздағы антирекорд. Маусым айының соңғы күндері ауруға шалдыққан 600 жағдай анықталды. Бұл коронавирустың «үнді» штаммының таралуымен байланысты.

– Жыл басынан бері қалада коронавирус инфекциясын жұқтырған 60 мыңнан астам жағдай тіркелді. Шілде айының басынан бері 4 610 адам қауіпті індетке шалдыққан. Ал өткен аптада 3 085 жағдай тіркелді. Алдыңғы аптамен салыстырғанда 1,4 есе артық, – деді Алматының Бас санитарлық дәрігері.

Жандарбек Бекшин жаңа «дельта» нұсқасы аса жұқпалы және оның клиникалық сипаты ауыр екенін айтты.

– Өздеріңіз білетіндей кезекті зерттеулерде «дельта» коронавирусының айналымдағы нұсқалары 78-80% басым дәрежеде, «альфа» («британдық») 16%, СOVID-19 («Ухань») 3% құрайды.

Өткен 7 күнде «симптомдық» науқастардың үлес салмағы 2 есеге, яғни 53%-дан 88%-ға дейін өскен. «Симптомдардың үлесінің артуы ауыр клиникалық көріністерді тудыратын «дельта» патогендік нұсқасының таралуымен байланысты.

Жандарбек Бекшин Алматыдағы эпидемиологиялық ахуалға жүргізілген мониторинг қорытындылары туралы айтты. Талдау нәтижесінде, соңғы екі аптада балалар мен жастар вирус жұқтырған. 14 жасқа дейінгі балалардың 13%-ы инфекция жұқтыруға бейім.

– Ең үлкен алаңдаушылық 20 жастан 40 жасқа дейінгі азаматтар арасында сырқаттанушылықтың өсуі 3,4%-ға ұлғайып, осы жылы ең жоғары деңгейге жетті (39%). Сондай-ақ, 40 пен 59 жас аралығында 25% деңгейді құрайды. Яғни әрбір 4-ші жұқтырған адам, – деді Жандарбек Бекшин.

Осы деректермен қатар, 60 жастан асқан адамдар арасында жұқтырудың үлес салмағы олардың иммундау және екпе алу нәтижесінде 1,6%-ға төмендегені байқалады.

Алматының бас санитарлық дәрігері коронавирустың жаңа штаммының тез таралатынын әрі қала тұрғындарының денсаулығы үшін қауіпті екенін ескертті. Жандарбек Бекшин бетперде режимін сақтауды әрі оны жиі ауыстыру қажет екендігін ескертті.

Рекомендовать
Последние новости