Жаңа Қазақстанның 10 баспалдағы

Dalanews 17 мар. 2022 02:35 1138

Қашан да болашаққа үмітпен қарайтын дана халқымыз бүгінгі :олдауды тағатсыздана күткені анық. Қазақстан халқына Жолдауын «Бүгінгі жолдаудың мән-маңызы айрақша» деп бастаған Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев соңғы уақыттарда елімізде орын алған ең өзекті мәселелерге талдау арқылы өзгерістер жасаудың кезеңі келгендігін алға тарта отырып, Қазақстан халқына саяси жаңғыртудың кешенді бағдарламасын ұсынды.

Еліміздегі саяси реформаның өзектілігін ғаламдағы және елімізде орын алған соңғы уақиғалармен сабақтастыра келе «саяси жаңғыру болмаса, елімізді орнықты дамыту, ауқымды әлеуметтік-экономикалық өзгеріс жасау мүмкін емес» екендігін қадап айтты.

Қасым-Жомарт Кемелұлының жолдауда ұсынған 10 бастамасы ұзақ жылдар бойы қордаланған елдегі саяси, әкімшілік және әлеуметтік мәселелерді шешудің кілті болмақ. Мысалы, елді қуатты парламентті бар президенттік республикаға айналдыру, әділ сайлау жүйесін құру, саяси партиялардың жұмысын жақсарту, конституциялық сот құру, ұлттық құрылтай құру, әкімшілік-аумақтық құрылымды жақсарту, дағдарысқа қарсы шараларды  жүргізу сияқты ауқымды жоспарлары елдің көңілін күпті еткен және көкейінде жүрген көптеген мәселелердің оңды шешілуіне септігін тигізері хақ. Президентіміз көтерген бастамалар халық пен билікті бір арнаға тоғыстыратын және елді болашаққа, яғни Жаңа Қазақстанға алып баратын баспалдақ іспеттес.

Әсіресе, Президентіміздің «Азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайту» бастамасы қоғамдағы шиеленіскен мәселелерді шешудің ұтымды тәсілі екендігіне  күмән жоқ. Бұл бастама  - ұлт игілігі үшін қызмет ететін көптеген қоғамдық ұйымдар мен кеңестердің құрылуына септігін тигізіп, үкімет пен қоғам арасын жалғаушы алтын көпірге айналады деп ойлаймын. Өйткені, қоғамдық ұйымдар мен кеңестердің белсенді жұмыс істеуі - азаматтық қоғамның және қоғамдық институттардың дамуына серпін береді.

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Жас зерттеушілер кеңесі Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының Жолдауда көтерген бастамаларын жастар арасында насихаттау және жастардың сауаттылығын көтеру мақсатында «Жаңа кезеңдегі Жаңа Қазақстан жастары» атты жастардың сауаттылық апталығын өткізуді жоспарлап отыр. Апталық аясында жастарымыздың діни, саяси, құқықтық, медиа және ақпараттық, қаржылық және гигиеналық сауаттылықтарын көтеру мақсатында осы салалардың ғалымдарымен, жауапты орган өкілдерімен және сарапшылармен кездесулер өткізетін боламыз.

Бабаларымыздың «Ынтымақ-ұйымнан», «Бірлік бар жерде – тірлік бар» «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген қанатты нақыл сөздерінің астыранда терең мән жатыр емес пе?! Мемлекет басшысы ұсынған 10 бастаманы ел болып жұмылып жүзеге асырғанда ғана Жаңа Қазақстанды құратынымызды баршамыз түсінуіміз керек.

 

Шахислам ЛАЙСХАНОВ, Абай атындағы ҚазҰПУ, Жас Зерттеушілер кеңесінің төрағасы, PhD

Рекомендовать
Последние новости